Мақсат Мақұлбеков - «Қазақстан дауысы» жобасының финалына жеткен үздік төртеудің бірі. Оның тәлімгері - Медеу Арынбаев. Ол сондай-ақ, жобадағы отбасылы жалғыз адам. Ол - екі баланың әкесі.
Жобаға келмес бұрын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, «Аңсар» тобында ән айтқан. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің түлегі. Қазір Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының магистранты.
Өмірдегі ең бақытты сәт - ұлдары Мейіржан мен Мирастың дүниеге келген күндері, деп біледі. Бос уақытын отбасымен өткізгенді ұнатады.
Мақсат Мақұлбеков италиялық тенор Лучано Павароттидың туындыларын сағаттап тыңдауға бар. «Егер әнші болмасам, қолөнермен айналысар едім»,-дейді ол.
«Қазақстан дауысының» финалына жеткен төрт үміткердің қайсысы үздік шығатыны алдағы аптада белгілі болады. Нақтырақ айтқанда, кімнің бағы жанатынын 15 ақпан сағат 21.00-де «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан «Қазақстан дауысы» жобасынан көруге болады. Жобаның бас жүлдесі - 5 миллион теңге мен дыбыс жазатын «Universal» компаниясымен бір жылдық келісімшарт қа отыру.