Тума талант иесін анықтайтын жобаның екінші маусымындағы ерекшеліктері туралы «Қазақстан дауысы» жобасының директоры Кенже Жұманұлы айтты, деп хабарлайды kaztrk.kz. Оның айтуынша, «Қазақстан дауысына» іріктеу былтыр еліміздің Ақтөбе, Семей, Орал секілді ірі-ірі жеті қаласында өтсе, биыл тек Алматы және Астана қалаларымен шектелген. Мұның бір себебі - былтыр 9 мыңнан астам үміткер іріктеуге қатысып, бағын сынаған еді. Олардың ішінен 150 әнші ғана телевизиялық түсірілімге жолдама алды. Ал биыл телевизиялық түсірілімге тек 130 үміткер қатысады. Сондықтан талай жастың тауын шақпас үшін іріктеу шарасына қатысушылар санына шектеу қойылды. «Биыл бір жаңалық енгіздік. Өздеріңіз білесіздер, жобаның «Шайқас» кезеңінде әр тәлімгер өз тобындағы екі әншіні сахнаға қатар шығарып, бірге ән айтқызады. Бір қиыны, үміткердің екеуі де жақсы ән салғанымен, тәлімгер олардың біреуін ғана таңдап, екіншісімен қош айтысады. Ал биыл осы «Шайқас» кезеңінде жобадан шығып қалған үміткерді басқа бір тәлімгер өз тобына қосып ала алады. Қай тәлімгер қай әріптесінің шәкіртін қамқорлығына алғанын алдағы хабарлардан көресіздер», - дейді Кенже Жұманұлы. Жобаның тағы бір ерекшелігі, биыл қазақша әндерге басымдық беріліп отыр. Яғни, қатысушылар теледуманның іріктеу кезеңдерінде негізінен қазақ әндерін орындайды. Сондай-ақ былтыр қатысушылардың жасы 45-пен шектелсе, биыл ол 50 жасқа дейін ұзартылған.
14:32, 24 Қазан 2014
«Қазақстан дауысы» жобасының екінші маусымы көрерменге жол тартады
АСТАНА.ҚазАқпарат - 26 қазан күні «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында «Қазақстан дауысы» жобасының екінші маусымы көрерменге жол тартады.