Қазақстан делегациясы АҚШ-та бірқатар кездесуге қатысады – СІМ
Сапар аясында Біріккен Ұлттар Ұйымы басшылығымен кездесулер жоспарланған.
«Атап айтқанда, 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібі, Ауғанстандағы ахуал, құқықтық, бітімгершілік, Орталық Азия өңіріндегі даму және қауіпсіздік, сондай-ақ Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құруды қоса алғанда, қазақстандық бастамаларды ілгерілету бойынша ынтымақтастық талқыланатын болады», - деді А. Смадияров елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар Қайрат Омаров БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Таяу Шығыс бойынша ашық пікірталасына қатысады.
«2023 жылғы 27-28 сәуірде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Вашингтонға барады. Сапар барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы әрекеттестіктің жағдайы мен перспективаларын талқылау үшін АҚШ Әкімшілігінің өкілдерімен және Мемлекеттік департамент басшылығымен бірқатар кездесу жоспарланған», - деді ресми өкіл.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылғы 26-27 сәуірде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Сиань қаласында өтетін «Орталық Азия –Қытай» диалог форматындағы Сыртқы істер министрлерінің 4-ші кеңесіне қатысады.