Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Жаһандық форум Өркениеттер альянсының аясындағы ірі шара болып табылады. Бұл форумның басты тақырыбы - «Алуандық пен үнқатысудағы жауапты басқаруды қолдау» деп аталады.
5-ші форум жұмысына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, БҰҰ Бас Ассамблеясының Президенті Вук Йеремич, Австрия Президенті Хайнц Фишер, Түркияның Премьер-министрі Реджеп Таип Эрдоған, Катар Әмірі Шейх Хамад бин Халифа Әл-Тани, Өркениеттер альянсының қазіргі және жаңадан тағайындалған жоғары өкілдері Жорже Сампайо мен Насир Әбдуләзиз Әл-Насер, сондай-ақ дүние жүзінің беделді өкілдері қатысты.
Форумның негізгі шараларынан басқа Қазақстан делегациясының басшысы екіжақты кездесулер өткізеді. Қ.Мәми сондай-ақ Сауд Арабиясының Королі Абдалла бен Әбдел Әзиз атындағы Вена халықаралық дінаралық және мәдениетаралық үнқатысу орталығында болып, осы ұйымның Бас хатшысы Фейсал бен Абдулрахман бен Муаммармен кездесті. Сенат Төрағасы әңгіме барысында Орталықтың ашылуымен құттықтап, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметі туралы баяндады. Кездесуде Съезд Хатшылығы мен Король Абдалла атындағы Орталық арасындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.
Өркениеттер альянсының секциялық шараларына қазақстандық делегацияның мүшелері - сенатор Әділ Ахметов және Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шәріп қатысуда.
«Өркениеттер альянсын» құру туралы бастаманы 2004 жылы Испания мен Түркия көтеріп, БҰҰ Бас хатшысы тарапынан қолдау тапқан болатын. Бастама мақсаты Батыс пен мұсылман әлемінің арасындағы араздықтың өрши түсуінің алдын алу үшін халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру, діни наным-сенімдер мен өркениеттер арасындағы қайшылықтарды еңсеру, ол үшін үкіметтердің жаһандық тұрғыда тиісті шара қабылдауына қолдау білдіру болып табылады.