Бұл шараға Ислам конференциясы ұйымының, Сауд Арабиясы, Малайзия, Иран, Уганда елдерінің, Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері қатысты, деп хабарлады Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымының жанындағы тұрақты өкілдігінен.
Қазақстан атынан шараға Денсаулық сақтау министрлігі мен ИКҰ жанындағы Тұрақты Өкілдік қызметкерлері қатысты. Комитет мүшелері басты назарды 2011 жылдың қырқүйегінде Астанада өтетін ИКҰ Денсаулық сақтау министрлерінің 3- конференциясына дайындық мәселелеріне аударды. Соңғы жылдары ислам елдері денсаулық сақтау саласын дамытуға терең көңіл бөлуде. Астанадағы кездесудің маңыздылығы - оның барысында халықтың сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізуі, аналар мен балаларды қорғау, инфекциялық аурулармен күресу, төтенше жағдайларда бірлесіп қимылдау және басқа да мәселелердегі ынтымақтастық бағыттары қарастырылады.
Сонымен қатар Астанадағы форум шеңберінде ИКҰ-ның Денсаулық сақтау саласын дамыту жөніндегі 2012-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдау көзделуде. Бұл құжат тарихта алғашқы рет ислам елдеріндегі денсаулық сақтау мәселелерін жан-жақты қамтыған бағдарлама болмақ.
Қазақстанда өтетін Конференцияға сапалы дайындық мақсатында отырысқа қатысушылар 2007 жылы Куала Лумпурда өткен ИКҰ Денсаулық сақтау министрлерінің 1-конференциясы мен 2009 жылы Тегеранда ұйымдастырылған 2-конференцияның нәтижелері толыққанды орындалуы қажеттілігін баса айтты.