Қазақстан делегациясы Моңғолияның Байөлке ауданының 70 жылдығын мерекелеуге қатысады
Делегация құрамында - әншілер, музыканттар, суретшілер, жазушылар, кинематографистер, журналистер және бірқатар мемлекеттік органдар өкілдері болмақ. Байөлкедегі бағдарламада Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті, «Қазақфильмнің» үш көркемсуретті фильмдері, «Туған елім» атты қолданбалы өнер көрмесі, дискілер мен кітаптар таныстырылымы бар.
Бағдарламада «Моңғолия қазақтарының әлеуметтік-экономикалық проблемалары» тақырыбындағы халықаралық «дөңгелек үстел» ерекше орын алады. Оның ауқымында 2010-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасының орындалу барысы туралы таныстырылым және қандастарымызды Қазақстанға қоныстандыру мәселесіне арналған сауалдама өткізіледі.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтаеваның хабарлауынша, 2007 жылғы халық санағы бойынша Моңғолияда 140 152 қазақ тұрады. Олардың негізгі бөлігі, яғни 89 пайызы Байөлке аймағына қоныс тепкен.
«Өкінішке қарай, соңғы үш жылдағы Моңғолиядағы қатерлі жұт қазақ шаруаларының тұрмысын шайқалтып жіберді, олардың шаруашылықтарына елеулі зиян келтірді. Сонымен қатар қазақтар экономикалық жағынан нашар дамыған аймақта өмір сүруде. Сондықтан оларды Қазақстанға қоныстандыруда бірқатар түйткілдер бар. 1991 жылы моңғолдық қазақтар бірінші болып туған Отанына көш түзеген еді.