Қазақстан делегациясы Сирия мәселесі бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысты
Кездесу барысында БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер бойынша орынбасары Марк Лоукок брифинг өткізді.
М. Лоукок Африн, Идлиб, Хама қалаларындағы қарулы қақтығыстар мен әуе шабуылдарына қатысты алаңдаушылық білдірді.
«Медициналық мекемелер сынды азаматтық инфрақұрылымға шабуылдар әлі де жалғасып келеді. Ақпан айында медициналық нысандарға шабуыл жасаудың 28 оқиғасы тіркелді, жыл басынан бері жалпы саны 70-тен астам шабуыл жасалды. Дамаскте соңғы аптада Шығыс Гутадан атылған снарядтардан ең кемі 78 адам қаза тапты, 230 адам жарақат алды», - деді Марк Лоукок.
Отырыс барысында бірқатар мемлекет өкілдері «Сириядағы астаналық кепіл елдер - Ресей, Иран және Түркияның 4 сәуір күні Ыстанбұлда өтетін кездесуге дейін 16 наурызда жарияланған міндеттемелерді орындауда табысқа жететіндеріне» үміт білдірді.
Қазақстандық делегация басшысы Қайрат Омаров өз сөзінде Қазақстанның Сириядағы егемендікті, тәуелсіздікті, бірлікті және аумақ тұтастығын сақтауға, сондай-ақ Сириядағы гуманитарлық мәселелерді шешуге бағытталған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық қарарларының орындалуына ниетті екенін еске салды.
Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің өзге де мүшелері сияқты, гуманитарлық қолжетімділікті қамтамасыз етуді, оның ішінде Сириядағы көмекке мұқтаж миллиондаған адамдарға трансшекаралық көмек көрсетуді қолдайды.
Қазақстандық делегация мамыр айының ортасына жоспарланған кезекті Астана процесі аясында Астана бастамасында қол жеткізілген келісімдердің сақталуын қамтамасыз етуге назар аударатынын атап өтті.
Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Сирия үкіметінен босқындар лагеріне гуманитарлық көмек көрсетуге жәрдем беруді, қоршалған аумақтарға гуманитарлық дәліз ашуды сұрады.