Концерттік бағдарлама аясында Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі өнер көрсетті. Ұжымның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – Дінзухра Тілендиева. Сонымен қатар концертке танымал дирижерлер Жалғасбек Бегендіков пен Абылқайырхан Бейсеков қатысты.
Кеш барысында композитордың шығармашылық мұрасының ажырамас бөлігіне айналған «Ата толғауы», «Әлқисса», «Махамбет» күйлері орындалды. Сондай-ақ, белгілі әншілер Рамазан Стамғазы, Светлана Айтбаева және Фархат Кубиевтің орындауында «Құстар әні», «Сарыжайлау», «Куә бол» әндері шырқалды.
Кештің әсерлі сәттерінің бірі – композитордың немересі Даяна Тілендиеваның Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариғаға арнаған «Куә бол» әнін орындауы болды. Сонымен қатар, опера әншілері Әйгерім Шәріпбек пен Жұлдыз Байжұманың өнер көрсетуі шараның көркемдік деңгейін одан әрі биіктете түсті.
Айта кетейік, Халық қаһарманы, көрнекті мәдениет және өнер қайраткері, біртуар композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай туған жері — Алматы облысы Өтеген батыр ауылында ұлы тұлғаның ескерткіші бой көтеріп, жаңа мәдениет үйі ашылды.