Осы жылдар ішінде Десанттық-шабуылдау әскерлері қалыптасу мен даму жолынан өтіп, Қазақстан Қарулы күштерінің ең ұтқыр әрі жауынгерлік әзірлігі жоғары әскер тектерінің біріне айналды. Жоғарғы Бас қолбасшының резерві саналатын десантшылар еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау жөніндегі міндеттерді қысқа мерзімде орындауға, қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерде жедел әрекет етуге қабілетті.
Бүгінде Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жеке құрамы заманауи талаптарға сай жауынгерлік даярлықты үздіксіз жетілдіру үстінде. Құрамаларда ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелер белсенді енгізіліп, барлау мүмкіндіктері кеңейтілуде, әуе-десанттық даярлығы жетілдіріліп келеді. Жеке құрамды десанттау, жауынгерлік атыстар өткізу және қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерін қолдану арқылы кешенді тактикалық оқу-жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Десантшылар жоғары жауынгерлік әзірлікті жыл сайын халықаралық және республикалық оқу-жаттығулар барысында, сондай-ақ БҰҰ аясындағы бітімгерлік міндеттерді орындау кезінде дәлелдеп жүр.
— Биыл Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері бірқатар ірі халықаралық және республикалық жауынгерлік даярлық іс-шараларына қатысады. Қазақстан аумағында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы басшылық ететін ҰҚШҰ Орталық Азия өңірінің Ұжымдық жедел әрекет ету күштерімен бірлескен «Шекара-2026» оқу-жаттығуы және «Бауырластық шыңы — 2026» халықаралық оқу-жаттығуы өтеді. Бұдан бөлек, десантшылар «Батыл тойтарыс — 2026» республикалық оқу-жаттығуына, жауынгерлік машықты арттыру мен серіктес мемлекеттердің қарулы күштерімен жедел өзара іс-әрекетті дамытуға бағытталған «Өзара іс-қимыл — 2026», «Мызғымас бауырластық — 2026» және «Орман бауырластығы — 2026» халықаралық оқу-жаттығуларына қатысады, — делінген министрлік хабарламасында.
Қазіргі таңда Десанттық-шабуылдау әскерлерінің сапында жоғары кәсібилікті, әскери борышқа адалдықты және ең күрделі міндеттерді орындауға әрдайым дайын болуды борышының басты қағидатына айналдырған әскери қызметшілер қызмет атқарып жүр. Десантшылар аға буынның даңқты жауынгерлік дәстүрлерін қастерлей отырып, өздерінің «Бізден басқа ешкім емес!» деген жауынгерлік ұранына әрқашан адал болып, жас әскери қызметшілерді патриотизм, ерлік пен Отанға адалдық рухында тәрбиелеуді жалғастырып келеді.
Осыған дейін Талдықорғанда 400-ден астам десантшы алғаш рет парашютпен секіргенін жаздық.