«Қазақстан дипломатиядағы ара ағайын\медиатор рөліне қайта оралатын сияқты. Германиядағы сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ресей-Украина шиеленісін шешудің қандай да бір жолын ұсынып жатқан елдердің немесе мемлекеттер тобының талпынысын қолдайтынын айтты. Өз кезегінде Қазақстан әскери іс-қимылдардың тез арада тоқтатылуын және БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөз жүргізілуін жақтайды», - дейді сарапшы.
Саясаттанушы кез келген халықаралық шиеленістің нүктесі дипломатиялық келіссөзде қойылатынын еске салды.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Мәскеу де, Киев те келіссөздерге дайын екенін растайды. Алайда келіссөздің қандай алаңда жүргізілетіні әзірге белгісіз. Келіссөзге негіз табу үшін тараптарға «бір-бірін айыптауды доғарып, іске татымды келіссөз жүргізу керек». Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, «парасатты, салмақты, салиқалы дипломатияның кезеңі туып келеді», - дейді Дәурен Әбен.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Германия Федералдық канцлері Олаф Шольцпен келіссөздерден кейін тілшілермен өткен баспасөз мәслихатында Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымын айтты.