Қазақстан Doing Business рейтингісінде 50-орынға көтерілді - ДБ мәлімдемесі

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Жыл сайын Дүниежүзілік банк (ДБ) пен Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) жасайтын «Doing Business-2013» рейтингісінде Қазақстан 189 елдің ішінен 53-орыннан 50-орынға көтерілді. Бұл туралы Дүниежүзілік банк мәлімдемесінде хабарланды, деп жазады primeminister.kz.

ДБ мәліметіне сәйкес, бір жыл ішінде Қазақстан құрылысқа рұқсат алу (4 саты жоғарылап, 145-орын), меншікті тіркеу (9 саты жоғарылап, 18-орын) және төлем қабілетсіздігін шешу (1 сатыға жоғарылап, 54-орын) сияқты салаларда оң нәтижелерге жетті.

Бизнес жүргізу үшін ең қолайлы жағдай жасалған елдер тізімін Сингапур бастап келеді. Сонымен қатар, бизнесті реттеудің жағымды жағдайлары қалыптасқан 10 елдің тізіміне Гонконг, Жаңа Зеландия, АҚШ, Дания, Малайзия, Оңтүстік Корей, Грузия, Норвегия және Ұлыбритания енді.

Посткеңестік елдер арасында рейтинг бойынша бұрынғыша тізімді Грузия (8-орын) бастап тұр, одан кейін Литва (17-орын), Эстония (22-орын), Латвия (24-орын), Армения (37-орын), Қазақстан (50-орын), Белоруссия (63-орын), Қырғызстан (68-орын), Әзірбайжан (70-орын), Молдавия (78-орын). Рейтинг бойынша Ресейден төмен Украина (112), Тәжікстан (143), Өзбекстан (146) орналасқан.