Қазақстан допингке қарсы зертханаға жаңа жабдық сатып алды
09:44, 17 Наурыз 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық спортшылар келесі айдан бастап допингке қарсы жаңа жабдықтан тексеріле бастайды. Сәуірде допингке қарсы зертханада заманауи техника пайда болмақ.
Бұл туралы «Астана» арнасына берген сұхбатында Спорт және дене тәрбиесі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов хабарлады.
Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев жаңа жабдық сатып алу туралы мәселені өткен жылғы қараша айында қозғаған. Себебі ескі құрылғылар спортшылар қанынның құрамындағы тыйым салынған препараттарды дұрыс анықтамауы мүмкін.
«Зертхана сәуірдің басында жеткізілуі мүмкін. Шарт жасалып, ақысы төленген, жабдық - заманауи. Шетелден әкелінеді, жеткізу уақыты келісілген, сәуірде болып қалады күтіп отырмыз. Барлық қаржыландыру мәселелері шешілді. WADA ұсынымы бойынша сатып алмақпыз, бұл спортшыларымызды егжей-тегжейлі талдауымыз үшін маңызды», - деді Комитет төрағасы Елсияр Қанағатов.