Тұтастай алғанда, хаттама Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарлардың жекелеген түрлерін әкелу мен олардың айналысын реттеу ерекшеліктерін айқындайды.
«Бурабайда өткен мемлекетаралық кеңесте бес мемлекет басшылары Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуына байланысты туындайтын мәселелерге қатысты хаттама жасаған болатын. Соған сәйкес, Еуразиялық экономикалық комиссиясына бірыңғай кедендік тарифтерге қатысты өкілеттіктер жүктелді. Бұдан бөлек, тізбелерді жаңартып отыруды қоса алғанда, оны жүргізу мен ЕАЭО Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес келтіруді Еуразиялық экономикалық комиссиясы жүзеге асыратын болады», - деді ҚР Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова. Оның айтуынша, Қазақстан ДСҰ-ға қосылуына байланысты басқа мүше мемлекеттердің аумағына тізбеде бекітілетін тауарларды әкелуге жол бермеу бойынша қажетті шаралар қабылдауды қамтамасыз ететін болады.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.