Қазақстан Дубайдағы Әлемдік үкіметтік саммитке қатысуда

ДУБАЙ. ҚазАқпарат - Қазақстан Дубайда өтіп жатқан Әлемдік үкіметтік саммитке (The World Government Summit) қатысуда.

Онда 130-дан астам үкімет пен халықаралық ұйымдар өкілдері мемлекеттік қызметтерді ұсыну үшін инновациялық шешімдер мәселелерін талқылайтын болады.

Саммит қатысушылары үш күн бойы мемлекеттік мекемелер жұмысын жақсарту бойынша тәжірибе алмасады және болашақ үкімет туралы өз болжамдарын ортаға салады. Пікірталастар  экономика мен білім берудің келешегі, технологиялар мен денсаулық сақтауды дамыту тақырыптарын қозғайтын болады.

Форумда Дүниежүзілік банк президенті Джим Ён Ким, Бутан корольдігінің премьер-министрі Церинг Тобгай, БАӘ-ның Толеранттылық істер жөніндегі мемлекеттік министрі шейх Любна әл-Касими сөз сөйлетін болады. Одан бөлек,  «Uber» технологиясының негізін қалаушы Травис Каланик, «Tesla» негізін қалаушы Элон Маск шақырылған.

Саммит қатысушылары алдағы 100 жылдағы үкіметтік бағдарламаларды игеру және болашақ әлемге технологиялардың ықпал етуі тақырыптарында сөз қозғайтын болады.