Бұл негізінен тағайындалған операторды айқындауға қатысты мәселенің шешілмеуіне байланысты туындап отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында мәлім болды.
Еске сала кетейік, отырыста депутаттар Қазақстан Республикасының пошта байланысы саласындағы заңнамасының нормаларын Дүниежүзілік пошта одағы актілерінің нормаларымен біріздендіру және пошта операторларының қызметтерін реттеуге бағытталған заң жобасын талқылаған еді.
«Тағайындалған операторды айқындауға қатысты мәселені Қазақстанның шешпеуіне байланысты Дүниежүзілік пошта одағы атынан EMS кооперативі 2014 жылдың 1-інші шілдесінен бастап барлық мүшелік жеңілдіктерді Қазақстанға беруді тоқтататыны туралы Ұлттық пошта операторын хабардар еткен. Бұл Қазақстан үшін EMS кооперативінің халықаралық жүйесіне қол жеткізуден айыруға әкеп соғады», делінген комитет қорытындысында.
Ал Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісовтің айтуынша, 2008 жылы Дүнижүзілік пошта одағының жарғысы «тағайындалған оператор» терминімен толықтырылған болатын. Бұл санатқа Дүниежүзілік пошта одағына мүшелікке кез келген мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйым кіре алады. «Олар өз аумағында пошта қызметін жүзеге асыруды қамтамасыз етіп, Дүниежүзілік пошта одағының актілері мен туындап отырған өзгеріске қатысты міндеттерді орындауы тиіс»,- дейді Ш. Өтемісов.
Оның сөзіне қарағанда, конвенцияға сәйкес, оған мүше ел алты ай ішінде Дүниежүзілік пошта одағының актілерін ресми түрде орындау үшін ресми түрде тағайындалған оператордың атауы мен мекенжайы туралы Ұйымға хабардар етуі керек. «Алайда, бүгінге дейін Қазақстанның заңнамасында тағайындалған операторды белгілеу тәртібін, оның қызметіне қойылатын талаптарды орындау шарттарын белгілейтін нормалар қамтылмаған», дейді Ш. Өтемісов. Заң жобасы осындай олқылықтардың орнын толтыруға бағытталады.
Бұдан бөлек, депутаттық корпус пошта операторының қолжетімділігін, жеделділік пен ұдайылықтың қажетті деңгейін ұйымдастыруды заң деңгейінде қамтамасыз етуді ұсынып отыр.