Қазақстан Үндістаннан келетін қысқы саяхатшылар үшін тартымды бағытқа айналды
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміз үндістандық отбасылық саяхатшылар үшін тартымды қысқы бағыттардың біріне айналды. Agoda цифрлық туристік платформасының деректеріне сәйкес, осы қысқы маусымда Қазақстанды іздеу қызығушылығы 68% өсті. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» компаниясы мәлім етті.
Бұл үнді отбасыларының еліміздің табиғи ландшафттарына және қысқы мүмкіндіктеріне деген сұранысы артқанын көрсетеді.
Agoda мәліметінше, Үндістанда 2025 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың ақпанына дейінгі аралықта халықаралық отбасылық сапарларға қызығушылық өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30% өскен. Үнді саяхатшылары қысқы демалыс атмосферасын, табиғи сұлулықты және мәдени тәжірибені біріктіретін маусымдық бағыттарды жиі таңдай бастады.
Қазақстан Үндістаннан келетін отбасылық саяхатшыларды тау пейзаждарымен және табиғат аясындағы демалыс мүмкіндіктерімен тартады. Қыс кезінде үнді туристерінің назарын аударатын Азия елдерінің арасында Оңтүстік Корея, Қытай, Тайвань және Жапония да атап өтіледі.
Атап өткен жөн, Үндістаннан келушілер саны 2023 жылмен салыстырғанда 87% өсті. Өткен жылы Қазақстанға 146 мыңнан астам қонақ келген. Бұл осы елден келушілер қатары артқанын көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін «Kazakh Tourism» компаниясы 75% шетелдік саяхатшы Астана мен Алматыға келетінін мәлімдеген еді.