75% шетелдік саяхатшы Астана мен Алматыға келеді – «Kazakh Tourism»

туризм алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізді Орталық Азия бойынша туристік турлар қатарына қосу жағы қаралып жатыр. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов мәлім етті.

«Алшақтықты азайту мақсатында әлеуеті жоғары аймақтарда туризмді ілгерілету міндетін қойып отырмыз. Атап айтқанда, Түркістан мен Шымкентті «Жібек жолы» бойы турына қосу, сондай-ақ Түркістан-Ақтау дербес туристік бағытын дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Біз Өзбекстан, Түркия, Корея және басқа да елдердің туристік операторларымен бірқатар кездесу өткізіп, Қазақстанды Орталық Азия бойынша турлар қатарына қосу ниетін бекіттік», - деді Қайрат Сәдуақасов Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Оның айтуынша, биыл еліміздің туризм саласы бойынша 3 халықаралық көрмеге қатысуы жоспарланған, ITB Berlin (5-7 наурыз), ATM Dubai (6-9 мамыр), China Outbound Travel & tourism Market (16-18 қазан).

Сондай-ақ, осы жылы шетелдік туристерді тарту мақсатында Дели, Сеул және Куала-Лумпур қаласында 3 роуд-шоу өткізу көзделген.

«Kazakh Tourism» АҚ дерегіне сәйкес, шетелдік саяхатшылардың 75%-ы Астана және Алматы қаласына келеді. Одан әрі бестік қатарында Маңғыстау және Атырау облысы, сондай-ақ Шымкент қаласы бар.

Соңғы жаңалықтар