Қазақстан Дүниежүзілік кеден ұйымы Қаржы комитетінің құрамына сайланды

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл шешім Еуропа өңірінің «Шығыс» кіші тобына мүше мемлекеттердің Қазақстанға деген жоғары сенімін білдіреді , деп хабарлайды ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметі.

Фото: МКК

2026 жылғы 25-27 маусым аралығында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің делегациясы Бельгия Корольдігінің Брюссель қаласындағы Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) штаб-пәтерінде өткен Ұйым Кеңесінің 147-ші және 148-ші сессияларына қатысты.

Қазақстандық делегацияны ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Жандос Дүйсембиев басқарды.

Сессиялар барысында ДКҰ-ға мүше мемлекеттер халықаралық кедендік ынтымақтастықты дамыту, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, кеден қызметтерін цифрлық трансформациялау, заңды халықаралық саудаға жәрдемдесу, жаһандық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін нығайту, сондай-ақ кедендік құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мәселелерін қарастырды.

Сессиялар аясында Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дүниежүзілік кеден ұйымының бас хатшысы Иэн Сондерспен, Ұйым Хатшылығының басшылығымен, сондай-ақ Болгария, Мажарстан, Польша, Түркия, Корея Республикасы, Эстония және Жапония кеден әкімшіліктерінің басшылары мен өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, кедендік әкімшілендіру, тәуекелдерді басқару, кадрлар даярлау салаларындағы тәжірибе алмасу мәселелерін, сондай-ақ Дүниежүзілік кеден ұйымы аясындағы бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыруды талқылады.

Қазақстанның ДКҰ Кеңесінің жұмысына қатысуы еліміздің халықаралық кедендік ынтымақтастықты нығайтуға және шетелдік кеден әкімшіліктерімен практикалық өзара іс-қимылды дамытуға деген берік ұстанымының кезекті дәлелі болды.

— Сессияның маңызды қорытындыларының бірі — Қазақстан Республикасының 2026-2027 қаржы жылына арналған Дүниежүзілік кеден ұйымының Кірістер комитетінің құрамына сайлануы болды. Бұл шешім Еуропа өңірінің «Шығыс» кіші тобына мүше мемлекеттердің Қазақстанға деген жоғары сенімін білдіреді және еліміздің Дүниежүзілік кеден ұйымы қызметіне белсенді қатысуының мойындалғанын көрсетеді. Қазақстанның Кірістер комитетінің құрамына енуі елімізге Ұйымның бюджеттік саясаты, қаржы ресурстарын бөлу және оның қызмет тетіктерін жетілдіру мәселелерін қарауға тікелей қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл Қазақстанның халықаралық кедендік ынтымақтастықты дамытудағы рөлін одан әрі күшейтеді, — делінген хабарламада.

Бұған дейін мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарды алаяқтардан сақ болуға шақырды.