Қазақстан ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда келісімін ұзартуды ратификациялады
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер және Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісім хаттамасы 2022 жылғы 14 наурызда Тегеран қаласында жасалды.
«Иран 80 миллионнан астам халқы бар перспективалы нарық. Уақытша келісімге келгелі Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 16,6%-ға яғни 377,4 млн доллардан 440 млн долларға өсті. Пандемия кезінде (2020 жылы) сауда белсенділігінің төмендегенін байқадық. Дегенмен бұл әлемдік үрдіс. Алайда өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы қайта қалпына келіп, тіпті 2019 жылғы көрсеткіштен асып түсті. Бұл уақытша жасалған келісімнің оң әсері», - деді ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда туралы уақытша келісімнің мерзімі биыл 27 қазанда аяқталады.
«Оң сауда серпінін және қазақстандық экспорттың әлеуетін ескере отырып, біз сауданың преференциялық режимінің үзілуіне жол бермеуіміз керек. Уақытша келісім хаттамасын ратификациялау оның қолданылуын ұзартуға мүмкіндік береді. Осылайша сауданың бажсыз режимін сақтап, отандық тауарлардың Иран нарығына шығуына жағдай жасайды», - дейді ол.