Қазақстан егемендігін ақылмен, біліммен алды - Жигули Дайрабаев
Қазақстан егемендігін ақылмен, біліммен алды. Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев осындай пікірді білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
«Бұл күн – қазақ халқы үшін үлкен тарихи оқиға болған күн, ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы аңсап келген егемендігімізге қол жеткізген күн. Естеріңізде болса, 1990 жылы 25 қазанда біз әлі де Кеңес одағының құрамында едік. Ал сол күні Жоғарғы кеңестің 12-шақырылымының 360 депутаты егемендігімізді жария етті. Иә, мемлекет құраушы – қазақ халқы. Бірақ, сол кезде Жоғарғы кеңестегі қазақ өкілдерінің саны аз болды. Жаңылмасам, Жоғарғы кеңестегі депутаттардың 65 пайызы басқа ұлттың өкілдері еді. Бабаларымыз бүкіл әлемде 9-орын алатын жерімізге найзаның ұшымен, білектің күшімен иелік етсе, біз Қазақстанның егемендігін ақылмен, біліммен, парасатпен алдық. Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Сауық Тәкежанов, Ерік Асанбаев, Серікболсын Әбділдин, Шерхан Мұртаза сынды қазақтың біртуар азаматы егемендігімізді жариялауға ат салысты», - деді Мәжіліс депутаты агенттік тілшісіне берген пікірінде.
Осы орайда мәжілісмен тайталаспен, атыс-шабыспен, қантөгіспен келетін тәуелсіздіктің де бар екендігін баса айтты.
«Сондықтан қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Келер ұрпақ елдің егемендігін, тәуелсіздігін қадірлеуі, қастерлеуі тиіс. Тарихқа зор құрметпен қарауы қажет. Мемлекетіміздің болашағы зор. Әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артқан мемлекетке айналамыз. Оған барлық мүмкіндігіміз бар», - деді Жигули Дайрабаев.
Айта кетейік, 25 қазан – еліміз үшін Қазақстан тарихындағы ең маңызды даталардың бірі. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Шындығында, бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді.