— Қазақстан егін алқаптарының аумағы бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Сондай-ақ еліміз астық экспорттайтын ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді. Былтыр диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 1,8 есе өсті. Осылайша, Қазақстан Global Food Security индексі бойынша 32-ші орында тұр. Былтыр екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің алыс-берісі 25 пайызға артты. Алайда, елдеріміздің бұл саладағы әлеуеті зор. Мысалы, Tiryaki Holding компаниясы Астанада бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салмақшы. Сондай-ақ İskefe Holding кәсіпорны желатин өндірісін қолға алмақ. Alarko Holding компаниясы Шымкентте жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Осы жобалардың барлығы өңдеу өнеркәсібін өркендетіп, экспорттық әлеуетімізді арттыруға септігін тигізеді деп сенемін. Бұдан бөлек, біз заманауи агротехнологияны енгізуге, суару жүйесін дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Сондай-ақ ветеринария және фитосанитария салаларында бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз. Өз тарапымыздан Түркияға «халал» стандартына сай келетін ет өнімдерін экспорттауға дайынбыз, — деді Президент.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты. Мемлекет басшысы бұл форумның екі ел үшін тиімді әрі мазмұнды болғанын атап өтіп, алқалы жиынды ұйымдастыруға атсалысқан Түркия тарапына алғыс айтты. Президент Қазақстанда түрік компанияларына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды.