Қазақстан ЭЫДҰ алаңында жасыл экономика мен көміртегі бейтараптығы стратегиясын таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылғы 15-16 маусым күндері – Қазақстан Республикасы делегациясы Париж қаласында өткен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) «Жасыл» іс-қимылдар жөніндегі арнайы жұмыс тобының (Green Action Task Force, GATF) отырыстарына қатысты.

Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, делегация құрамына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат департаментінің директоры Сәуле Сабиева, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Ержан Несібқұлов, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қазақстан Республикасының Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің өкілдері кірді.

GATF Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдерінде «жасыл» саясатты ілгерілетуге арналған халықаралық алаң болып табылады.

Отырыстар барысында Қазақстан өкілдері 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астана қаласында өткен Өңірлік экологиялық саммиттің нәтижелері туралы ақпарат ұсынып, аталған саммитті өткізуге қосқан мазмұнды үлесі үшін ЭЫДҰ-ға тағы да алғыс білдірді.

Сәуле Сабиева Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі жасыл экономиканы жоспарлау мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында Қазақстандағы жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы мен көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асырудың қазіргі жай-күйі мен негізгі басымдықтары туралы ақпарат берді.

Орталық Азиядағы тұрақты инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шараларды іске асыру мәселесін талқылау аясында Ержан Несібқұлов Қазақстанда Sustainable Infrastructure Programme in Asia (SIPA) бағдарламасын іске асыру тәжірибесімен бөлісті.

Атап айтқанда, SIPA бағдарламасы командасының қолдауымен Қазақстанның 2060 жылға дейінгі төмен көміртекті даму стратегиясының жобасын әзірлеу, елдің инвестициялық саясатын, әсіресе «жасыл» жобаларға инвестициялар тарту тетіктерін жетілдіру жөніндегі шараларды әзірлеу жұмыстары туралы айтып, SIPA бағдарламасын Қазақстанда одан әрі жалғастыруға мүдделілік білдірді.

Талқылаулар барысында су секторына ерекше назар аударылды. Бұл бағыт Ұлттық іс-қимыл жоспарының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Қазақстан тарапы осы саладағы шараларды әзірлеу мен іске асыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға, сондай-ақ су секторын тұрақты дамудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде таңдауға қатысты халықаралық тәжірибені зерделеуге қызығушылық танытатынын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев 2027–2028 жылдарға арналған GATF бюросы төрағасының орынбасары болып сайланды.

Іс-шара аясында Қазақстан өкілдері бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, ЭЫДҰ Даму орталығының және Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасының басшылығымен кездесулер ұйымдастырылып, олардың барысында одан әрі ынтымақтастық перспективалары, бірлескен жобаларды іске асыру және өзара іс-қимылдың басым бағыттары талқыланды.

Осыған дейін МЕамлекет басшысы экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп қатар дамуы керектігін айтқан болатын.