Қазақстан экономиканың долларлануын төмендету іс-шаралары жоспарын әзірлейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан экономиканың долларлануын төмендету іс-шаралары жоспарын әзірлейді. Бұл туралы бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.

«Инфляцияны қысқа мерзімді перспективада 3-4 пайызға дейін төмендету үшін базалық алғышарттар құру үшін Ұлттық банк инфляциялық шектеуге негізделген жаңа ақша-несие саясатына көшуді жоспарлауда», - деді Қ.Келімбетов.

Дегенмен, Ұлттық банк төрағасының атап өтуінше, экономиканың долларлану деңгейін төмендетпей мұндай саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету әрі инфляциялық шектеу режімінің жемісті жұмыс істеуі өте қиын болмақ.

«Осыған байланысты Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, экономиканың долларлану деңгейін төмендету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынады», - деді ол.