Қазақстан экономикасы 7 жылда қалай өзгерді – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кіріскеннен бергі жеті жылда Қазақстан экономикасы жаһандық және сыртқы сын-қатерге қарамастан бірқатар көрсеткіш бойынша өсу динамикасын көрсетті.

Фото: Экономикалық зерттеулер институты

Экономика ғылымдарының кандидаты, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылық директоры Бақытгүл Қамбар елдің экономикалық дамуындағы негізгі өзгерістерге тоқталды.

Сарапшының айтуынша, 2019 жылдан бергі кезең COVID-19 пандемиясы, геосаяси ахуал және әлемдік экономикадағы өзгерістер секілді факторлармен тұспа-тұс келді. Қазақстан экономикасының халықаралық байланыстарға тығыз тәуелді екенін ескерсек, сыртқы факторлар елдегі жекелеген салалардың дамуына да әсер етті.

Соған қарамастан, соңғы жеті жылда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім айтарлықтай өскен.

– Өткен 7 жылда Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 2,3 есеге өсіп, 2026 жылдың I тоқсанындағы жағдай бойынша 1 661 600 теңгені құрады. Аталған мерзім ішінде жан басына нақты шаққандағы ЖІӨ өсу қарқыны да өскенін байқауға болады. Айталық, 2019 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2005 жылмен салыстырғанда 161,6% артқан. Алайда, 2020 жылы басталған пандемия және басқа факторлар салдарынан 2022 жылы 159,8%-ға дейін төмендеген. Ал 2025 жылы 181,1%-ға дейін өскен, – деді Бақытгүл Қамбар.

Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 14%-ға жетті

Экономика құрылымындағы өзгерістердің бірі – өңдеу өнеркәсібінің үлесінің артуы. 2019 жылдың I тоқсанында өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 11,8% болған. 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 12,8%-ға жетсе, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында – 14%-ды құраған.

Экономистің пікірінше, бұл бағыттағы өзгерістерге қарамастан, экономиканың құрылымын сапалық жағынан одан әрі әртараптандыру Қазақстанның стратегиялық міндеттерінің бірі болып қала береді.

Халық саны қарқынды өсті

Экономикалық көрсеткіштер ел халқының өсуімен қатар жүріп келеді. Сарапшы келтірген мәліметке сәйкес, 2012-2019 жылдары Қазақстан халқы 1 млн 720 мың 999 адамға көбейсе, 2019-2026 жылдары халық саны 2 млн 105 мың 180 адамға артқан.

Осы тұрғыдан алғанда, халық санының өсуіне қарамастан жан басына шаққандағы экономикалық көрсеткіштердің жоғарылауы ел экономикасының көлемі ұлғайып келе жатқанын көрсетеді.

Жеті жылда орташа жалақы 2,4 есе өсті

Жалпы ішкі өнімнің өсуінің халықтың әл-ауқатына да оң ықпал еткенін байқалады. Қазақстандағы жұмысшылардың әр сағатта табатын орташа табысы соңғы 7 жылдың ішінде 2,2 есе артқанын айта кеткен жөн.

Халықтың нақты табысындағы өсім барын орташа айлық табыс пен медиандық табыстың арасындағы айырмашылық та қысқарған. Мәселен, 2019 жылы орташа және медианлдық табыс арасындағы айырмашылық табыс 66% құраса, 2025 жылы 39,6%-ға дейін төмендеген.

– Бұл қазіргі таңда орташа жалақы мөлшерінің айтарлықтай артып келе жатқанын көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылы орташа жалақы – 185 487 теңге, медиандық жалақы – 112 195 теңге болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша орташа жалақы - 443 315 тенге, медиандық жалақы - 317 512 теңгені құраған. Демек, 7 жылда орташа жалақы 2,4 есе өссе, табысты нақтырақ көрсететін медиандық жалақы 2,8 есеге артқан, – деп түсіндірді сарапшы.

Бейресми жұмыспен қамту азайды

Еңбек нарығындағы тағы бір өзгеріс – бейресми жұмыспен қамтылғандар үлесінің төмендеуі. Бақытгүл Қамбардың айтуынша, 2019 жылы бұл көрсеткіш 13,7% болса, 2025 жылдың қорытындысында 10,1%-ға дейін төмендеген. Осылайша, соңғы он жылда бейресми жұмыспен қамтылғандар үлесі шамамен екі есе азайған.

– Демек, өткен 7 жыл еліміздің дамуының тұрақты негізін қалыптастырудағы ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттардың алға жылжуының кезекті белесі болды деуге толық негіз бар, – деді Экономикалық зерттеулер институтының маманы.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның соңғы 7 жылдағы негізгі көрсеткіштерін атаған еді.

Ал Құрылтай депутаты Захира Бегалиева Қазақстанда әлеуметтік қолдаудың бірнеше түрі қатар көрсетілетінін айтты.