Экономикалық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Азамат Нұрсейітов экономикалық дамудың негізгі кезеңдері мен алдағы міндеттерін саралап көрді.
— 1990-1996 жылдары Қазақстан нарықтық қатынастарға көшудің күрделі кезеңін бастан кешті. Кеңес Одағының ыдырауы шаруашылық байланыстардың үзілуіне, өндірістің қысқаруына және инфляцияның өсуіне әкелді. Осы жағдайда бағаны ырықтандыру, жекешелендіру, ұлттық валюта — теңгені енгізу, салық және кеден жүйелерін қалыптастыру жұмыстары жүргізілді, — дейді сарапшы.
Сонымен бірге Қазақстан халықаралық ұйымдарға мүше болып, сыртқы экономикалық байланыстарын кеңейтті. 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Дүниежүзілік банкке және Халықаралық валюта қорына қосылды. Бұл қадамдар елдің халықаралық экономикалық жүйеге кірігуіне мүмкіндік берді. Еліміз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құруға және посткеңестік кеңістіктегі басқа да интеграциялық бастамаларға қатысты.
Ал 1997-2007 жылдары ірі мұнай-газ кен орындарын игеру, шетелдік капиталдың келуі және әлемдік нарықтағы қолайлы жағдай экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштеріне айналды. Ұлттық қор құрылып, инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілді. «Қазақстан — 2030» стратегиясы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қалыптасуына ықпал етті.
— Дегенмен мұнай-газ саласының қарқынды дамуы экспорттың, инвестициялардың және бюджет кірістерінің шикізат секторына тәуелділігін де күшейтті, — дейді А. Нұрсейітов.
2008-2014 жылдары жаһандық қаржы дағдарысы Қазақстан экономикасының сыртқы күйзелістерге осал екенін көрсетті. Мемлекеттік қаржы резервтерін пайдалану және экономиканы қолдау шаралары жағдайды тұрақтандыруға көмектесті. Бұл аралықта көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мен сауда байланыстарын кеңейту жалғасты.
2015-2019 жылдары мұнай бағасының төмендеуі экономиканы әртараптандыру қажеттігін тағы да айқындай түсті. Өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіптік кешенді, көлік дәліздерін және шағын әрі орта бизнесті дамытуға назар аударылды. Қазақстан 2015 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп, халықаралық сауда жүйесіндегі орнын нығайтты.
Алайда шикізаттық емес салалардың дамуына еңбек өнімділігінің төмендігі, өндірісті технологиялық жаңғырту және отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері кедергі келтірді.
— 2020-2022 жылдары COVID-19 пандемиясы халық пен бизнесті қолдаудың қосымша шараларын қабылдауды талап етті. Кейін экономикалық белсенділік қалпына келгенімен, инфляциялық қысым күшейіп, жаһандық жеткізу тізбектеріндегі іркілістер ішкі нарықтың осал тұстарын көрсетті, — деп атап өтті экономист.
2023 жылдан бастап Қазақстан экономикасында өсім жалғасып, шикізаттық емес салалардың маңызы арта түсті. Ал 2025 жылы елдің нақты жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсті. Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сауда салаларында оң динамика байқалды.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында экономиканың өсімі 4,2%-ды құрады. Шикізаттық емес сектор 5,4%-ға өсті. Ең жоғары өсім құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері мен сауда салаларында тіркелді. Олардың жиынтық үлесі жалпы ішкі өнім өсімінің 75%-дан астамын қамтамасыз етті.
— Экономиканы әртараптандыру шараларының нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндірудің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 7,8%-ға дейін төмендеді. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 14,1%-ға жетсе, тау-кен өндіру өнеркәсібінің үлесі 12,4%-ды құрады, — деді спикер.
Инвестициялық белсенділік те экономикалық өсімге ықпал етіп отыр. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар 7%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 18,2%-ға өскен.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ұлттық экономикасын қалыптастырып, мемлекеттік және қаржы институттарын құрды, қомақты инвестиция тартты, ірі мұнай-газ кен орындарын игерді, қаржы резервтерін жинақтап, көлік инфрақұрылымын дамытуға негіз қалады.
— Алайда әлемдік экономикалық дағдарыстардың тәжірибесі шикізаттан түсетін кіріске тәуелділік елді сыртқы нарықтағы өзгерістерге осал ететінін көрсетті. Оған қоса, жалпы ішкі өнімнің жоғары қарқынмен өсуі халықтың күнделікті тұрмыс деңгейінің әрдайым жақсаратынын білдірмейді. Сондықтан Қазақстан дамуының қазіргі кезеңінде экономиканың қаншалықты жылдам өсіп жатқаны ғана емес, өсімнің сапасы мен оған негіз болған факторлар да маңызды. Ең бастысы — экономикалық өсімнің нәтижесі халықтың әл-ауқатын нақты жақсартуға қаншалықты ықпал ететіні, — дейді А. Нұрсейітов.
Маманның айтуынша, Қазақстан экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін еңбек өнімділігін арттырып, өндірісті заманауи технологиялармен жаңғырту қажет. Бәсекеге қабілетті өңдеу өнеркәсібін
дамытып, шикізаттық емес экспорт көлемін ұлғайту да маңызды. Жеке секторды нығайтып, бәсекелестікке жол ашу және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау да экономикалық өсімге серпін береді.
Мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттырып, бюджет кірістерінің мұнайға тәуелділігін азайту, инфляцияны тежеу және халықтың нақты табысын өсіру де — негізгі міндеттердің қатарында. Бұған қоса, өңірлер арасындағы алшақтықты қысқартып, адами капиталды дамытуға инвестиция салу қажет. Көлік, энергетика және су шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру де елдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуы үшін маңызды.
— Республика күні — жүріп өткен жолды бағалап қана қоймай, алдағы міндеттерді айқындайтын маңызды сәт. Қазақстан экономикасының дамуының жаңа кезеңі табиғи ресурстарға сүйенген модельден еңбек өнімділігіне, технологияға, адами капиталға және отандық бизнестің бәсекеге қабілеттігіне негізделген экономикаға көшумен байланысты болуы керек. Тәуелсіз Қазақстанның ұзақ мерзімді даму нәтижесін экономикалық өсімнің сапасы, тұрақтылығы және халықтың әл-ауқатын арттыруға қосатын үлесі айқындайды, — дейді экономист.
Бұған дейін Kazinform Қазақстанның басты жетістіктері мен даму кезеңдеріне шолу жасаған еді.