Қазақстан экономикасын дамытуда неге басымдық берілуі тиіс — сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан экономикасының орнықтылығы табиғи ресурстар мен мемлекеттік инвестициялардың көлеміне ғана емес, елдің қолда бар мүмкіндіктерді қаншалықты тиімді пайдаланатынына да байланысты. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ғалым хатшысы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Көшербаева айтты.

Фото: ҚСЗИ

Сарапшының пікірінше, Қазақстанда экономиканы одан әрі дамытуға қажетті әлеует бар. Ендігі міндет — жинақталған экономикалық мүмкіндіктерді, қалыптасқан инфрақұрылым мен жүргізілген реформаларды елдің дамуына нақты пайда әкелетін нәтижеге айналдыру.

Айгүл Көшербаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық бағыттарды осы тұрғыдан қарастыру қажет деп есептейді.

— Бұл экономикалық өсудің сапасын, мемлекеттік институттардың тиімділігін және қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілікті арттыру қажеттігін білдіреді, — деп атап өтті сарапшы.

Қазақстан ұзақ жылдар бойы экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту саясатын жүргізіп келеді. Алайда мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялардың болуы өздігінен экономикалық табысқа кепілдік бермейді.

Бұл ретте мемлекеттік институттардың үйлесімді жұмыс істеуі, бизнес жүргізу ережелерінің түсінікті болуы және мемлекеттің инвестиция тартуға ұзақ мерзімді қолайлы жағдай жасауы маңызды.

Сарапшы инвестиция тартуда оның көлеміне ғана емес, экономикаға беретін нәтижесіне де назар аудару қажет екенін айтты.

Қазір әлемде капитал үшін бәсеке күшейіп келеді. Инвесторлар салықтық артықшылықтар мен ресурстардың қолжетімділігіне ғана емес, реттеу талаптарының тұрақтылығына, меншік құқығының қорғалуына, инфрақұрылым сапасына және мемлекеттік шешімдердің жедел қабылдануына да мән береді.

— Инвестициялар өңдеу өнеркәсібін дамытуға, технологиялық жаңаруға, еңбек өнімділігін арттыруға және білікті жұмыс орындарын құруға ықпал етуі тиіс. Дәл осындай қайтарым олардың ұлттық дамуға нақты үлес қосқанын көрсетеді, — деді Айгүл Көшербаева.

Шағын және орта бизнесті дамытуда да мемлекеттік қолдау бағдарламаларының санынан гөрі кәсіпкерлікпен айналысу ережелерінің тұрақтылығы маңызды.

Әкімшілік рәсімдердің көптігі, талаптардың жиі өзгеруі және реттеудегі белгісіздік қаржылық қолдау болған күннің өзінде кәсіпкерлік бастамаларды әлсіретуі мүмкін.

Сондықтан бизнес жүргізудің түсінікті әрі тұрақты ережелерін қалыптастырып, мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы сенімді нығайту, әділ бәсекелестік пен экономикалық мүмкіндіктерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.

Айгүл Көшербаева бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесіне де назар аударды.

— Шығыстардың өсуі өздігінен мемлекеттік қызметтердің сапасы немесе халықтың әл-ауқаты артқанын білдірмейді, — деп атап өтті ол.

Сарапшының пікірінше, бюджет қаражатын тек қаржыландыру көзі ретінде емес, қоғамға нақты пайда әкелетін құрал ретінде қарастыру қажет.

Бұл үшін мемлекеттік басқаруда ашықтықты, есептілікті, заң үстемдігін, мүдделі тараптардың қатысуын және нәтижеге бағдарлануды қамтамасыз ету маңызды. Қабылданған шешімдердің тиімділігі өткізілген іс-шаралар немесе игерілген қаражат көлемімен емес, қоғам өміріне әкелген өзгерістермен бағалануы тиіс.

Өңірлердің экономикалық мүмкіндіктері де бірдей емес. Әр аймақтың инвестициялық әлеуеті, инфрақұрылымы, жұмыспен қамту құрылымы мен қаржылық жағдайы әртүрлі. Сондықтан мемлекеттік саясатта осы ерекшеліктер ескерілуі қажет.

Сарапшы жергілікті басқару органдарының дербестігін арттыру, өңірлердің кіріс базасын нығайту және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру экономиканы жаңғыртудың маңызды бөлігі болуы тиіс деп есептейді.

— Түптеп келгенде, өңірлік саясаттың тиімділігі адамның тұрғылықты жері оның білім алуға, медициналық қызметтерге, лайықты жұмысқа және кәсіпкерлік мүмкіндіктерге қол жеткізуіне қаншалықты әсер ететінімен өлшенуі тиіс, — деді сарапшы.

Цифрландыру мен жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттырып, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Алайда жаңа технологиялар басқару жүйесіндегі кемшіліктерді өздігінен жоя алмайды.

— Егер функциялардың қайталануы, артық келісу рәсімдері және процестерді тиімсіз ұйымдастыру сақталса, цифрлық шешімдер бар кемшіліктерді электрондық ортаға ғана көшіруі мүмкін, — деп атап өтті Айгүл Көшербаева.

Сондықтан цифрландырумен қатар басқару рәсімдерін қайта қарау, мемлекеттік қызметшілердің құзыретін дамыту және деректерге негізделген шешім қабылдау мәдениетін нығайту қажет.

Сарапшының пікірінше, экономикалық өзгерістердің нәтижесін халық күнделікті өмірінен сезінуі тиіс.

— Азаматтар үшін экономикалық өзгерістер сатып алу қабілетіне, тұрғын үйдің қолжетімділігіне, білім беру мен денсаулық сақтау сапасына, инфрақұрылымның жай-күйіне және жұмыспен қамту перспективаларына әсер еткен кезде ғана нақты мәнге ие болады. Сайып келгенде, мемлекеттік саясаттың нәтижелілігіне қоғамның бағасын дәл осы көрсеткіштер қалыптастырады, — деді ол.

Қазақстанның географиялық орналасуы, табиғи ресурстары, транзиттік әлеуеті, адами капиталы мен жүргізіліп жатқан институционалдық өзгерістер елдің одан әрі дамуына мүмкіндік береді. Алайда әлемдегі белгісіздік жағдайында осы артықшылықтарды тиімді пайдалану маңызды.

Айгүл Көшербаеваның пікірінше, Қазақстан дамуының келесі кезеңінде мемлекеттік институттардың сапасын жақсартуға, экономика өнімділігін арттыруға және мемлекеттік саясаттың нәтижелілігін күшейтуге басымдық берілуі тиіс.

Бұл үшін нақты мақсаттармен қатар, оларға қол жеткізудің тиімді тетіктерін қалыптастырып, қабылданған шешімдердің үйлесімділігі мен нәтижесіне жауапкершілікті қамтамасыз ету қажет.

— Түптеп келгенде, қуатты мемлекет оның экономикаға араласу ауқымымен емес, экономиканың орнықты дамуына жағдай жасау, әділ ережелерді қолдау және азаматтардың өзін-өзі жүзеге асыруына мүмкіндік беру қабілетімен айқындалады, — деп түйіндеді Айгүл Көшербаева.

Осылайша, сарапшы экономикалық өсім халықтың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болуы, ал мемлекеттік институттардың тиімділігі осы мақсатқа жетудің маңызды шартына айналуы тиіс деп есептейді.

Айта кетейік, бұған дейін Президент микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылға мораторий енгізу мәселесін талқылауды ұсынғанын жазғанбыз.