Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы 10%-ға төмендейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан 2029 жылға қарай экономиканың энергия сыйымдылығын 10%-ға төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде мәлім етті.

Фото: Kazinform/ЖИ

Оның айтуынша, энергияны тиімді пайдалану кәсіпорындардың шығынын азайтып қана қоймай, жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне де әсер етеді.

— 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығы 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 4%-ға төмендеген. Осылайша, елде белгілі бір көлемде өнім өндіруге жұмсалатын энергия біртіндеп азайып жатқанын байқауға болады. Бүгінде міндет экономиканы қажетті энергия ресурстарымен қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Тұтынылған әрбір ресурсты барынша тиімді пайдалану қажет, — деді Олжас Әлібеков.

Спикердің мәліметінше, Қазақстанда бұл бағыттағы негізгі міндеттер 2023–2029 жылдарға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру тұжырымдамасында белгіленген. Құжатқа сәйкес, 2029 жылға қарай экономиканың энергия сыйымдылығын 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 10%-ға төмендету көзделген. Өнеркәсіп саласында да энергия сыйымдылығын 10%-ға азайту жоспарланып отыр.

— Ол үшін кәсіпорындардағы энергияны көп қажет ететін жабдықтарды жаңарту, энергия тұтыну нормативтерін жетілдіру және энергия үнемдеу жобаларына қаржы тарту қарастырылған. Қазір Мемлекеттік энергетикалық тізілімге 22 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйым енгізілген. Соның ішінде жылына тұтынатын энергия ресурстарының жалпы көлемі кемінде 50 мың тонна шартты отынға тең ірі кәсіпорындарға ерекше назар аударылатын болады, — деді комитет төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, бұған дейін елдегі 22 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйымның энергия тұтынуы бақыланатыны хабарланды.