Қазақстан экономикасын реттеу Ресейдегіге қарағанда тиімдірек болды - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 5-інде жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Мемлекет басшысының Алматы облысына кешегі жұмыс сапары облыстағы шаруа қожалықтарын аралаумен жалғасты. Бұл туралы бүгін жарық көрген «Егемен Қазақстан» газетінде «Дағдарысқа қарамастан, жақсы істер жалғасуда» атты мақалада айтылған. Жұмыс сапары қорытындысы бойынша журналистерге сұхбат берген Елбасы «Алматы облысында биылғы  жолдауға сәйкес қаржы дағдарысын еңсеру тұрғысында бағдарлы жұмыстардың орындалғанын көрдім. Кеше «Жетіген-Қорғас» темір жолының құрылысы басталғанына куә болдық. Өңірде тың жоба мен байыпты бастамалар қолға алынған», дейді.

  

«Айқын» газеті де Елбасының жұмыс сапарын «Еңбекшіқазақта еңселі істер бар» деген тақырыппен берген. «Сапар соңында Жетісу жерінде үлкен жұмыстар атқарылып жатқанына көзінің жеткенін айта келе, алда сындарлы міндеттердің күтіп тұрғанын естен шығармауды және мемлекеттік тұрғыда жүктеліп отырған тапсырмаларды толыққанды жүзеге асыруға бірлесе, жұмыла кірісуіміз қажеттілігін қайталады. Бірлігіміз ажырамаса, алмас асуымыз болмастығына да ерекше тоқталды», дейді Елбасының сөзін келтірген басылым тілшісі.   

***

«ТМД: кімнің дағдарысқа қарсы бағдарламасы жақсы?», «ТМД-да өмір сүру кімдерге жақсы?», «Қазақстан тұңғиықтан бірінші болып шықты», «Қазақстан экономикасын реттеу Ресейдегіге қарағанда тиімдірек болды». Осы тақырыптармен «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақалалар топтамасы ресейлік басылымдардан аударылып берген. Аталған мақалалардың бірінде: «Сол сияқты ТМД-да дағдарысқа қарсы бағдарламалары жақсы деп танылған Армения мен Қазақстанның халықтың өз тұрмыс деңгейлерін бағалауы жағынан мүлде қарама-қарсы жақта тұруы да қызғылықты жәйт. Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының басшысы Валерий Федоровтың пікірінше, ол Қазақстанның дағдарысқа бірінші болып еніп, одан бірінші болып шығуына байланысты. Шынында да, Қазақстандағы әлеуметтік өлшемдердің  көктемгі толқыны өңірлердегі өзге республикаларға қарағанда күздегіден гөрі жақсы нәтижелер көрсетті»,  дейді.

***

«Біздің заманымыздың зиялылары көп. «Зиялылық жоқ» деген пікір - ұшқары пікір, сыңаржақ ұғым. Рас, бүгінгі білімді, білікті зиялыларда нағыз зиялыларға  тән айрықша мінез жетіспейтін сияқты», дейді медицина ғылымының докторы, профессор Иманәлі Оспанұлы Байдәулет ел газетіне берген сұхбатында. Сұхбатты толығымен газеттің 5-ші бетінен оқуға болады.

***

Қызылорда қаласының әкімі Мұрат Ергебаевтың «Айқын» газетіне берген сұхбаты «Бас жоспар міндетті түрде орындалуға тиісті заңды құжатқа айналды» деген тақырыппен жарияланған. Әңгімеге қаланың қазіргі жағдайы, білім мекемелерінің жай-күйі, қала маңындағы азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағытында  және  «Жол картасы» шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар арқау болған.

 Сонымен қатар осы басылымнан «Жол картасын» келер жылы да жалғастыру жоспарда бар» деген тақырыппен жарияланған Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Көтербековпен арадағы сұхбатты да оқуға болады.