Қазақстан экономикасының барлық салаларында 4,4 млн. нәзік жанды еңбек етуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан экономикасының барлық салаларында 4,4 млн. әйел еңбек етуде. Бұл туралы бүгін әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған бизнес-форумда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.

 «Өткен жылдың қорытындысы бойынша, әйелдер жұмыссыздығы деңгейі 5,7 пайызды құрады. Еліміздің экономикасында 4 000 400 әйел еңбекпен қамтылған, бұл өз кезегінде жұмыспен қамтылған халықтың 49 пайызын құрайды. Нәзік жандылар экономиканың барлық салаларында жұмыс істейді, дегенмен де олардың саны бұрынғысынша денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қызметтерді көрсету мен сауда салаларында көбірек. Сондықтан да мемлекет тарапынан жұмыспен қамтуда жәрдемдесу шараларын атқару маңызды болып табылады, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту маңызды», - деді Б. Нұрымбетов.

Осы ретте вице-министр бұл бағыттағы шаралар «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» аясында 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқанын еске салып өтті. Бағдарламаға қатысуда әйелдер басымдыққа ие болып отыр. Осы жылдары бағдарламаға қатысқан 300 мыңға жуық адамның ішінде 49 пайызын нәзік жандылар құрады.