Қазақстан экономикасының электр қуатына қажеттілігі заңмен реттеледі

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат -  Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы энергия өндіруші ұйымдардың, табиғи монополиялар және реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерін орындау үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталады. Сонымен қоса, осы бағыттағы көрсетілетін қызметтер сапасын, энергия өндіруші ұйымдардың инвестициялық қызметінің ашықтығын арттыру қарастырылады. Инвестициялық бағдарламаларды бекіту регламенттеліп, инвестициялық бағдарламаларды орындамаған жағдайда олардың игерілмеген қаражаттары тұтынушыларға қайтарылатын болады. Бұдан бөлек, электр стансыларының инвестициялық қызметінің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Оның ішінде, осы бағдарламаға қатысты міндеттемелердің барлығы БАҚ-та жарияланып тұратын болады. Сонымен қатар, инвестициялық міндеттемелердің орындалуына бақылау тетігі күшейтіледі. Олардың инвестициялық міндеттемелері тарифтік табыс деңгейіне сәйкестігі қадағаланады.

«Жалпы заң жобасының негізгі мақсаты Қазақстан экономикасының электр қуатына қажеттілігін қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ, құжат еліміздегі электр стансыларының инвестициялық қызметтерінің ашықтығын қамтуды көздейді», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев.