Осы орайда бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» үкіметтік заң жобасының таныстырылымы өтті.
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов кіріспе сөзінде заң жобасының қоғам үшін маңыздылығын айта келіп, баяндама жасау үшін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергеновке сөз берді.
Баяндамашы бұл заң жобасы Мемлекет Басшысының 2010 жылғы 22 қаңтардағы кеңесте берген тапсырмасын орындау үшін әзірленгенін мәлім етті.
Заң жобасы «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» және «Электр энергетикасы туралы» заңдарға, сондай-ақ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске толықтырулар мен өзгерістер енгізуді көздейді.
Заң жобасының негізгі бағыттары электр станцияларының инвестициялық қызметінің ашықтығын арттыру, электр станцияларының, ТМС-тердің және реттелетін нарықтың инвестициялық міндеттемелердің орындалуына жауапкершілігін арттыру болып табылады. Сондай-ақ электр станцияларының инвестициялық міндеттемелері көлемінің тарифтік табыс деңгейіне сәйкестігін қамтамасыз етуді, Қазақстан экономикасының қуат нарығын енгізу есебінен электр энергиясы мен қуат қажеттілігін қамтамасыз етуді қарастырады.
Заң жобасынан күтілетін нәтижелер электр станциялары қызметінің ашықтығын арттыру; электр станцияларының, табиғи монополия субъектілері мен доминанттардың инвестициялық міндеттемелерді орындауы үшін жауапкершілігін арттыру; электр станцияларының инвестициялық міндеттемелері көлемінің тарифтік табысқа сәйкестігін қамтамасыз ету; жаңа электр қуатын енгізу және электр станцияларындағы негізгі жабдықтың ескірген паркін тездетіп жаңарту болып табылады.
Отырыста Асхат Бекенов, Алтай Тілеубердин, Иван Чиркалин, Владимир Нехорошев, Мұхтар Тінікеев және басқаМәжіліс депутаттары заң жобасы аясында өз пікірлерін білдірді. Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Валерий Доскалов жетекшілік жасайды. Алдағы аптада заң жобасы жұмыс тобында қаралады.