Қазақстан экономикасының түрлі саласында 8,7 млн адам жұмыспен қамтылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларында 8,7 млн адам жұмыспен қамтылды. Бұл жайында ҚР ҰЭМ Статистика комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларында 8,7 млн адам немесе 15 және одан жоғары жастағы халықтың 66,6 пайызы жұмыспен қамтылды. Жұмыспен қамтылғандардың 51,5 пайызы (4,5 млн адам) - ерлер, 48,5 пайыз (4,2 млн. адам) - әйелдер», - делінген таратылған ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, 2018 жылы жалдамалы қызметкерлердің саны 6,6 млн адамды немесе жалпы жұмыспен қамтылған халық санынан 76 пайызын құрады. Жұмыспен қамтылғандардың арасында өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкерлердің, яғни жалданбай жұмыспен қамтылғандардың саны 2,1 млн адам немесе 24 пайыз болды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкерлердің жалпы санынан жұмыспен нәтижелі қамтылғандардың үлесі 90,7 пайызға, жұмыспен нәтижесіз қамтылғандар үлесі 9,3 пайызға жетті.

Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады. Жұмыссыздардың ішіндегі ерлердің үлесі - 45,5, әйелдердің үлесі - 54,5 пайыз. 15-28 жастағы жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,8 пайыз болды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2018 жылдың соңына 91,6 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі жұмыс күшінің 1 пайызын құрады», - деп атап өтеді комитеттен.