Қазақстан экспорттайтын ірі қара етінің 85 пайызы Түркістан облысында өндіріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан экспорттайтын ірі қара етінің 85 пайызы Түркістан облысында өндіріледі. Бұл жайында өңір басшысы Дархан Сатыбалды орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

«Облыста мал басы және өнімділігі орташа есеппен 4% өсіп отыр. Ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр. Ірі қара мал етінің үлесі – 85%, ұсақ мал 60% болды. Биылғы 5 айда 5 мың тонна ірі қара мал еті, 3 мың тоннаға жуық қой еті экспортқа жөнелтілді», - деді әкім.

Сондай-ақ, ол аймақта «Ауыл аманаты» жобасының қалай іске асып жатқанына тоқталды.

«Жоба аясында республикалық бюджеттен облысқа 20 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округ белгіленді. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3 413 жаңа жұмыс орны ашылады, отбасылардың орташа табысы табысы 1,5 есе өседі. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30%-ға азайып, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 10%-ға ұлғаяды деп күтілуде», - деді Дархан Сатыбалды.