Қазақстан экспорты өткен 9 айда 42,5 пайызға, импорт 23,8 пайызға қысқарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан экспорты 2015 жылдың 9 айында 42,5 пайызға, импорт 23,8 пайызға қысқарды. Бүгін Сенатта «2016 - 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осылай мәлімдеді.

«Теңге бағамының әлсіреуі нәтижесінде ағымдағы жылғы қазанда инфляция 5,2 пайызды, жылдық мәнде 9,4 пайызды құрады. Ағымдағы жағдайды ескере отырып, 2015 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсу болжамы 0,3 пайыздық тармаққа 1,2 пайызға дейін төмендеді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы нақтыланған номиналды жалпы ішкі өнім 41 701,2 млрд.теңгені құрайды, ол ақпан айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 393,6 млрд. теңгеге жоғары», - деді Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2015 жылы 10 830 АҚШ долларын құрайтын болады. Бұдан бөлек, 2015 жылы өнеркәсіпте 1,8 пайызға төмендеу күтілуде, бұл ақпандағы болжамнан 1,5 пайыздық тармаққа төмен болып отыр. Ал биылғы жылы мұнай өндіру 79,0 млн. тонна көлемінде болжанады, ол бұған дейін жоспарланған көлемнен 1,5 млн. тоннаға төмен.

«Ұлттық банктің болжамдары бойынша экспорт көлемі 2015 жылы 39,2 пайызға 48,8 млрд. долларға дейін, импорт 21,0 пайызға 34,4 млрд. долларына дейін төмендейтіні болжанады», - деді министр.