Қазақстан ЕҚЫҰ-да жүзеге асырылған белсенді және мазмұнды төрағалық дәстүрін ИҚҰ-да жалғастырмақ - Елші Б.Әміреев

АСТАНА. 11 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрінің Арнайы өкілі Елші Б.Әміреев үстіміздегі жылғы 10 қарашада Жидда қаласында Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы Э.Ихсаноғлумен кездесті.

Бұл туралы ИКҰ-дағы ҚР Тұрақты өкілдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бұл кездесу Қазақстанның 2011-2012 жылдар аралығында Ұйымға төрағалық бағдарламасын дайындау шеңберінде ИКҰ Бас хатшылығы және мұсылман әлемінің жетекші елдерімен саяси консультациялар өткізу туралы қазақстандық бастамаға негізделді.

Елші Б.Әміреев ИҚҰ Бас хатшысына ҚР сыртқы саясат ведомствосы басшысының жолдауын табыс етті. Өз жолдауында ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев еліміздің мұсылман мемлекеттерімен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға деген мүдделілігін қуаттады. Қазақстан алдағы уақытта ИҚҰ қызметінің саяси, экономикалық және гуманитарлық сипаттарына модераторлық етуі ислам әлемінің өзекті мәселелерін шешуге, халықаралық қауіпсіздік, экономикалық байланыстар, өркениеттер диалогын нығайтуға бағытталады. Қазақстан ИҚҰ-да Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында жүзеге асырылған белсенді және мазмұнды төрағалық дәстүрін жалғастырмақ.

Өз кезегінде Бас хатшы Э.Ихсаноғлу біздің елдің өзара ынтымақтастыққа деген осындай ынтасын қызу қолдады. ИКҰ 38-ші Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы мансабында Қазақстанға және оның бастамаларына Ұйымға мүше елдер тарапынан барынша қолдау болады деп атап өтті. Э.Ихсаноғлу Президент Н.Назарбаевтың табысты халықаралық дипломатиясына негізделетін Қазақстан төрағалығының жемісті болатынына сенім білдірді.