Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төраға ретінде Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістікті бірегей диалог алаңына айналдыру үшін аталған ұйымның беделін пайдаланады ? Д. Қалетаев

АСТАНА. Наурыздың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төраға ретінде Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістікті бірегей диалог алаңына айналдыру үшін аталған ұйымның беделін пайдаланады.

Бүгін елордада өтіп жатқан Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы Тұрақты комитетінің 10-шы отырысында «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Әлемдік қауымдастық ғаламдық дағдарысқа қарсы күшін біріктіріп, жеке-дара экономикалық күйзелісті жеңу мүмкіндігі жоққа шығып отырған бүгінгі уақытта Еуразиялық ықпалдастық үлгісін дамытудың маңызы айқын көрініп келеді. ҚР Президенті тарапынан 15 жыл бұрын жасалған бұл бастама қазіргі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ, керісінше жыл сайын ұзақмерзімді, перспективалы дамудың нақты сипаттарымен толығып отыр. Осы тұрғыда ЕурАзЭҚ аясында еркін сауда тәртібін құруға қатысты айтарлықтай қадамдар жасалды. Еуразиялық даму банкі құрылып, 10 млрд. доллар көлемінде Дағдарысқа қарсы қоры жасақталды. Дегенмен ғаламдық қауіптер кепілдік аймақтарын басып қалып отыр. Бұл жағдайда Қазақстан үдерістерді бақылаушы ретінде шеттеліп қала алмайды. Біздің алдымызда қатерлерді тойтарып қана қоймай, қалыптасқан мүмкіндікті өңірлік мүддеге сай пайдалану міндеттері қойылып отыр», - деді Д. Қалетаев. Оның айтуынша, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төраға ретінде Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістікті бірегей диалог алаңына айналдыру үшін аталған ұйымның беделін пайдалануға ниетті болып отыр. «Қазақстан жаңа қауіп қатерлерге бірлесе қарсы тұру үшін барлық күшін жұмылдырып, Азиялық құрлықтағы өзекті проблемаларды шешу жолдарын ұсынатын болады», - деді ол.