Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық тұсында әлемде қалыптасқан қайшылықтарды шешуге барынша күш салады - Қ.Саудабаев

АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Әлемде қалыптасқан және ұзақ уақыттарға созылған түрлі қайшылықтар мен қақтығыстарды шешу осыған дейін халықаралық ұйымның басты міндеттерінің бірі болып келген.

Бұл міндетті атқару ісіне Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету тұсында біз де өз үлесімізді қоссақ деген ниеттеміз. Меніңше, біздің ұйым ақыры тек адамзаттың трагедиясы мен түрлі апаттарға алып келетін мұндай қақтығыстардың мүмкіндігінше алдын ала білуі керек», деді бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы- Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Тұрақты кеңесінің 789-шы мәжілісінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр сөзінде ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде ағымдағы жылдың

ақпан айының орта тұсында Оңтүстік Кавказ елдеріне сапар жасап қайтатындығын атап көрсетті. Сондай-ақ ол бүгінгі жиынға қатысушыларға Кавказ аймағындағы жағдайды реттеу мақсатындағы көмектері мен ақыл-кеңестері үшін ризашылығын білдірді. «Афиныда қабылданған ядролық қаруды таратпау жөніндегі министрліктер декларациясына сәйкес, әлемде жаппай қырып-жою қаруларын таратпау жөніндегі көшбасшылардың бірі саналатын Қазақстан

ЕҚЫҰ-ның ядролық қарусыздануды жаһандық қолдау жөніндегі міндеттемелерін де орындауға үлес қосады. Біз, әсіресе, заңсыз есірткі айналымы мен терроризммен және қазіргі заманның өзге де қауіп-қатерлеріне қарсы күреске барынша күш салатын боламыз. Бұл ретте біз осы мәселеге байланысты Афиныда қабылданған шешімдерді қуана қолдаймыз», деді Сыртқы істер министрі.