Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қарусыздану принциптерін жетілдіруді жалғастыратын болады - Қорғаныс министрінің орынбасары Б. Майкеев

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада әскери қызметкерлер арасында ЕҚЫҰ Вена құжаты бойынша 3 күндік аймақтық семинар басталды.

Бұл шара ЕҚЫҰ әскери-саяси өлшемі бойынша 1999 жылғы Вена құжатының сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары жөніндегі келісімі аясында өтіп жатыр. Оны ҚР Қорғаныс министрлігі, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы, ЕҚЫҰ-ның Орталық Азия мен Кавказ мемлекеттеріндегі орталықтары мен миссиялары және ЕҚЫҰ-ның Венадағы Хатшылығымен серіктесіп ұйымдастырды.

 Семинардың ашылуында сөз алған ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Бағдат Майкеевтің айтуынша, шараға Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің басқару құрамының және Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен  Арменияның әскери-дипломатиялық өкілдері, сондай-ақ Беларусь, Германия, Франция елдерінің Верификациялық орталықтарының уәкілдері қатысуда.

 «Қазақстан Республикасы ядролық қарусыздану және оны таратпау, халықаралық лаңкестік, діни экстремизм, есірткі бизнесімен күрес бағытындағы халықаралық келіссөздердің белсенді қатысушысы. Қарулануды бақылау режімін ұстану, өзара сенімділікті нығайту және қауіпсіздік - барлық мемлекеттердің тұрақты әрі бейбіт өмір сүруінің ең негізгі шарттарының бірі. Сонымен қатар Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қарусыздану принциптерін жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады», - деді Б. Майкеев.

 Оның айтуынша, аймақтық семинардың алғашқы 2 күні теориялық дәрістер  өткізіліп, 3-ші күні тәжірибелік оқу инспекциясы жасалады. Жалпы ЕҚЫҰ  әскери-саяси өлшемі бойынша ҚР Қорғаныс министрлігі 1990 жылдардың орта шенінен бастап ел аумағында Вена құжаты негізінде 60-тан астам инспекция жүргізген. Сонымен қатар Қазақстанның инспекциялық тобы да сырт елдерде жұмыс жасады.