Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Астана Саммитінің ашылу рәсімінде сөз алған ҚР Президенті Н. Назарбаев мәлім етті.
ЕҚЫҰ-ның себеті мен институттарын толықтыру қажеттігі туындап отырғандығын баса айтқан Елбасы: «бірінші - экономикалық прагматизм. Бұл 21 ғасыр қауіпсіздік жүйесінің іргетасы. Осыған орай экономиканы тұрақтану жөніндегі Еуропалық Одақтың күш-жігері қолдауға тұрарлық», - деді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының атап өтуінше, үлкен сегіздік пен жиырмалық әлемдік қаржы дағдарысын еңсеруді талқылау үстінде. Алайда әлемдік экономиканың және валюталық жүйенің жаңа конфигурациясын іздеу үрдісі тым баяу жүруде. Осыған орай Елбасы, «ЕҚЫҰ-ның экономикалық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі күш-жігері басымдыққа айналып, ал қаржы-экономикалық қауіпсіздік жеке себет ретінде бөлінер еді» деген пікірін алға тартты.
«Біз сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның Маастрихт стратегиясын "Маастрихт плюс» құжатымен толықтыруды ұсынамыз. Онда валюталық-қаржы саясатын, экономикалық ынтымақтастық және ықпалдасудың келісілген ұстанымдарын көрініс тапқызуға болады», - деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ құрылымын энергетикалық қауіпсіздік, экономикалық өзара әрекеттесу жөніндегі кеңестермен толықтыру мақсатты болып табылатындығын баса айтты.
Қоршаған ортаны қорғау саласында ЕҚЫҰ-ның Экологиялық форумын құру қажеттігін ұсынған ҚР Президенті: «ол бірқатар проблемаларды шешуге, мәселен, Арал теңізін сақтау немесе Семей ядролық сынақ полигоны аумағын жаңғыртуға мұрындық болар еді», деді.
Елбасы өз сөзінде су проблемасын құқықтық реттеу мақсатында су тапшылығына ұшырап отырған елдерде «Су және құқық» бағдарламасын әзірлеу өзектігін де атап өтті.