Баспасөздердің бүгінгі сандарына Үкіметтің кеше онлайн режімінде өткен отырысында талқыланған бірқатар мәселелер арқау болған. «Егемен Қазақстан» газеті Министрлер Кабинетінің мәжілісінде құқық қорғау жүйесін рефоралау, тау кен-металлургия, электр энергетикасы, агроөнеркәсіптік кешен, мұнай-газ, туризм салаларын дамытудың 2010-2014 жылдар аралығындағы кезеңді қамтитын салалық бағдарламалары талқыланғанын жазады. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа кезеңдік бағдарламасы туралы баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, 8 бағыттан тұратын бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде еліміздегі астық өндірісінің орташа жылдық көлемі 17,8 млн. тонна деңгейінде қалыптасып, оның экспорттық әлеуеті қазіргі 6,7 млн. тоннадан 8,6 млн.тоннаға ұлғаяды, ал астық экспортындағы өңделген өнім үлесі 32 пайыздан 50 пайызға дейін өседі. Мал шаруашылығында асыл тұқымды малдардың орташа үлесін қазіргі 6 пайыздан 14 пайызға дейін көтеру көзделініп отыр. Ауыл шаруашылығындағы субсидиялардың орташа деңгейі 20 пайыздан 25 пайызға дейін көбейе түспек», деп жазады басылым «Салалар дамуының жаңа межелері» деген тақырыппен басылған мақаласында.
«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған кезекті мақалада кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Польшаның экс-президенті Александр Квасьневский мен Австрия Республикасының федералдық экс-канцлері Альфред Гузенбауэрді қабылдағаны жазылған. Жүздесуден кейін БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында А.Гузенбауэр: «ЕҚЫҰ-ның Ыстамбұлда саммиті болған уақыттан бергі он бір жыл бойы көптеген елдердің үкіметтері осындай форумды ұйымдастыруға ұмтылды, бұл тек Қазақстанның ғана қолынан келді. Тіпті, осының өзі - зор жетістік. Екіншіден, саммит осы беделді Ұйымдағы Қазақстанның маңыздылығын атап көрсетеді. Мен сіздердің республикаларыңыз үшін бұл саммитті ұйымдастыру, бәрінен бұрын, Нұрсұлтан Назарбаевтың беделінің арқасында мүмкін болды деп ойлаймын. Көп мемлекеттердің басшылары үлкен кездесуге Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа деген жеке құрметі үшін келеді», - деп атап өткен.
***
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі санының қонағы - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бекжановтан алынған сұхбат «ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз - өмір заңдылығы», деген тақырыппен берілген. Сұхбаттасу барысында тілші сауалдарына тұщымды жауап берген депутат: «Астана саммитінің тарихта сөзсіз қалатынын қазірден-ақ батыл айтуға болады. Алдағы саммитте Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде бір жылда атқарған жұмысы қаралады. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезінде әлем елдерін алаңдатқан, дүниежүзін толғандырған небір түйткілді мәселелер талқы таразысына салынуда. Ал осы мәселелердің оң шешімін табуы, дұрыс бағытта үйлестірілуі - биылғы жылғы Қазақстанның төрағалығына тікелей байланысты», дейді. Сұхбаттың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.
«Неміс маманы баптайтын ұлттық құрамамыз тағы да сынақтан өтеді. Бұл жолы қазақ жеріне Бельгия мен Германия футболшылары келеді. 2012 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы қос кездесуге жанкүйер қауымды көбірек тарту қамын күйттеген футбол басшыларымыз қолдан келгенше әрекеттенуде. Ал тізгіні Бернд Шторкқа тапсырылған құрамамыз азулы қонақтарымызға қолдан келгенше қарсыласа алар ма екен?», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында. Басылымның спорт бетінде жарық көрген мақала «Қос құрамаға қауқар көрсете аламыз ба?» деген тақырыппен берілген.
***
«Төртеу түгел болса, Каспийге қауіп жоқ». «Алаш айнасы» газетінің сәрсенбілік санында осындай тақырыппен жарық көрген бас мақалада кеше елордада өткен «Еуразияның энергетикалық картасы: тәуекелдер теңгерімі және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы V Еуразиялық энергетикалық форумда талқыланған мәселелер баяндалған. «Еуразиялық құрлықтың кіндігінде жатқан Қазақстан өңірлік маңызы бар бастамаларға мұрындық болмауға қақысы жоқ. мұндай бастамалар мейлі геосаяси, экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық сипатта болсын, тек біздің ел ғана емес, бізді айнала қоңсы қонған көрші мемлекеттер мен тұтастай өңір үшін аса маңызды мәселелерді қамтып, кейде тіпті жаһандық мәнге ие болып жатады. Бұл заңдылық та. Өйткені батысынан шығысына дейін ұшқан құстың қанаты талатын Қазақстан - бүгінде еуразиялық кеңістіктегі тұрақылықтың төрт тұғыры - экономикалық, энергетикалық, экологиялық және азық-түлік қауіпсіздік мәселесінде елеулі ықпалға ие елдердің бірі», делінген жоғарыдағы тақырыппен берілген басылым мақаласында
Таяуда Елбасымыз іссапармен барғанда Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы «Жол картасы», «Таза су», «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламаларының біршама мәселелерді шешуге оң ықпалын тигізгенін айтып, есеп берген болатын. Енді бүгінде одан шикілік шығып, аталған бағдарламаларға бөлінген қаржының шетінен «кемірген», яғни, өз жеке мүддесіне пайдаланған шенеуніктер мен азаматтар әшкереле болып отыр. Бұл жайында толығырақ «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Жол картасы» жонып жей беретін қазы-қарта ма?» деген тақырыпта берілген мақаладан оқып, білесіздер.
***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясы" халықаралық кәсіподақтар бірлестігінің бас хатшысы Владимир Щербаковты қабылдады. «Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кездесу барысында В.Щербаков Президентті Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясы төралқасының шешімімен кәсіподақтар қозғалысына қосқан үлесі үшін ТМД-ның Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясының жоғары наградасы - Алтын белгімен марапатталғаны туралы хабардар етіп, награданы тапсырған. «Нұрсұлтан Назарбаев - Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясының Алтын белгісімен марапатталған жалғыз Президент. Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен Қазақстан Конституцияның аса маңызды баптарының бірі - әлеуметтік мемлекет құруды іске асыруда барынша жоғары нәтижеге қол жеткізді. Барлық өлшемдер бойынша, ең төменгі еңбекақы деңгейі болсын, зейнеткерлерге көрсетілген қамқорлықтар болсын, орташа еңбекақы, халықты, әсіресе дағдарыс кезеңінде жұмыспен қамтуда болсын Қазақстан жоғары деңгейден көрінді», - деп атап көрсеткен журналистерге арналған брифингте В.Щербаков.