09:31, 23 Сәуір 2009
Қазақстан ел экономикасын тұрақтандыру жөніндегі жылдам және батыл шаралар қабылдап отыр - Токиодағы кездесу
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат – Қазақстанның Жапониядағы Елшілігі сәуірдің 20-сы күні Токио қаласында Жапонияның бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдары, арнайы қорлары мен экономикалық және мамандандырылған ұйымдары өкілдеріне арнап брифинг өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Елші Ақылбек Камалдинов Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тұстары мен екінші Астаналық экономикалық форумның нәтижелері туралы, соңдай-ақ екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың бүгінгі ахуалы мен келешегі жайында баяндады.Сонымен қатар Елші жиналғандарды еліміздің ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімен, әлемдік экономикалық дағдарыстың жағымсыз ықпалымен күресуге байланысты ел басшылығы тарапынан жүргізіліп отырған шаралармен таныстырды.Жапонияның бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің пікірінше, Қазақстан Үкіметі елдің экономикасын тұрақтандыру мен келешектегі дамуына тиісті жағдай жасауға байланысты жылдам және батыл шаралар қолданып отыр.