Қазақстан электр энергиясының тапшылығын жабуға жыл сайын қанша қаражат жұмсайды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Атом энергетикасын аймақ елдерімен бірлесіп ілгерілету саланың инновациялық дамуына серпін береді. «Атом энергетикасын дамыту: қиындық мен мүмкіндік» атауымен Өзбекстан астанасында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан Қазақстандық энергия үнемдеу ұйымдары қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Конференцияға халықаралық деңгейдегі сарапшылар, Дүниежүзілік ядролық қауымдастығының өкілдері, ӨР Энергетика министрлігі мен Атом энергиясы агенттігінің мамандары қатысты. Олар атом энергетикасын дамытуға қолбайлау болып отырған мәселелерге тоқталып, шешу жолдарын талқылады. Мәселен, конференцияда баяндама жасаған өзбекстандық сарапшылар бұл бағытта аймақ елдерімен бірлескен жұмыс қажет екенін атап өтті. Халықаралық іс-шараға Қазақстан атынан қатысқан сарапшы Сергей Агафоновтың ойы да атом энергетикасы аймақ мемлекеттерінің ынтымақтастығы арқылы ілгерілейді дегенге саяды.
«Атом энергетикасы тек бір елге тиесілі сала емес. Тиісінше, бұл бағытта аймақ мемлекеттері арасында кооперация, бірелскен жұмыс болуы тиіс. Өйткені, интеграция саланың инновациялық дамуына серпін береді. Бұл ретте Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастықты нығайта түсуіне мүмкіндік бар. Мәселен, біздің еліміз уран өндіру бойынша әлемде көш бастап тұр. Сондықтан біз бір-бірімізді ресурстар бағытында толықтырып отыруымызға болады», - деп пікір қосты Сергей Агафонов.
Ол атап өткендей, Өзбекстанда электр энергиясының 80% газ электр станцияларынан алынса, Қазақстандағы тұтыну көлемінің 70% жылу электр орталықтары жабады.
«Бұл - электр энергиясын өндірудің өте зиянды әрі қымбат түрі. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына көшуге ниетті. Бұған атом энергетикасын қолданбай, қол жеткізу мүмкін емес. Мен жаңартылған энегрия көздерін енгізу бастамасын қолдаушылардың бірімін. Дегенмен ол тұрақты негізде электр энергиясымен қамтамасыз ете алмайды. Сәйкесінше, бұл орайда әзірге атом электр станциясына балама энегрия көзі жоқ», - деді сарапшы.
Сергей Агафоновтың айтуынша, кейінгі 2 жылда елімізде электр энергиясының тапшылығы ерекше сезіле бастады. Оны жабу үшін Қазақстан жыл сайын шамамен 60 млрд теңге жұмсайды.
«Бұған дейн Қазақстанда электр энергиясының тапшылғы болмаған. Алайда, кейінгі 2 жылда дефицит байқалып отыр. Осы саланың маманы ретінде мен шығындарды есептеп көрдім. Мәселен, біз жетіспеген электр энергиясын сатып алуға және энегробалансты сақтап тұруға жыл сайын шамамен 60 млрд теңге жұмсаймыз. Бұл Қазақстан сияқты елге аз сома болуы мүмкін, дегенмен аталған шығын тек бастапқы кезеңде сезіліп жатқан тапшылықты жабуға бағытталғанын ескеру керек. Алдағы жылдары оның көлемі арта түсуі бек мүмкін», - деп бөлісті Сергей Агафонов.
Сарапшы келтірген дерекке сай, былтыр күз бен қыс мезгілдерінде тапшылықты жабу үшін Қазақстан 2,5 ГВт электр энергиясын сатып алған.
«АЭС 10-12 жыл ішінде салынады. Олардың орташа қуаты 2,4 ГВт болады. Ал бізде жыл сайын тұтыну көлемі артып барады. Осыған байланысты Қазақстан алдағы уақытта да жылу электр орталықтарын қолданады. Мәселен, елімізде 3 ЖЭО салынады. Сондықтан жоспарланып отырған атом электр станциясын аталған бағытқа бастаған алғашқы қадам деп санау керек. Өйткені, бір АЭС барлық қажеттілікті жаба алмайды. Менің ойымша, Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болмауы үшін кем дегенде 3 АЭС салынуы тиіс. Алғашқысы - Балқашта, екіншісі - шығыста, үшіншісі батыста бой көтеруі қажет. Өйткені, АЭС-ті теңіз суын тұщыту үшін де пайдалануға болады, сәйкесінше Ақтауды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі», - деп түйіндеді Сергей Агафонов.
Қоса кетсек, бұған дейін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр атом электр станциясының құрылысына 10 жыл уақыт кететін мәлімдеп еді.
Сонымен қатар ол атап өткендей, АЭС құрылысы бойынша консорциумға ары кеткенде 5 ел кіруі мүмкін.