Қазақстан электрондық үкімет рейтингінде 16-орынға көтерілді – Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық трансформация геосаяси шиеленіс күшейіп, мемлекеттер арасындағы сенім әлсіреген кезеңде жүріп жатқанына назар аударды.

Фото: Ақорда

Оның айтуынша, озық технологияларға, есептеу қуатына және білікті мамандарға қол жеткізу елдің бәсекеге қабілеттілігі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

— Әлемнің мүлдем жаңа геотехнологиялық картасы пайда болды деуге болады. Озық шешімдерге, есептеу қуатына, білікті кадрларға қол жеткізу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне және қауіпсіздігіне ықпал ететін факторға айналды. Халықаралық ғылыми байланыстарды шектеу, аса маңызды технологияларды аталған үдеріске қатысушы ат төбеліндей топтың қолында шоғырландыру түбі жаһандағы технологиялық теңсіздіктің ушығуына алып келеді. Елдердің арасында тағы бір жіктің қалыптасуына жол беруге болмайды. Керісінше, өзара тиімді халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа тиісті жағдай жасау қажет, — деді Мемлекет басшысы.


Президент Қазақстанды барынша қысқа мерзім ішінде толық цифрланған мемлекетке айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде белгілегенін мәлімдеді.

— Біз осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияладық. Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітіліп, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Осылайша, цифрлық экономиканы қарқынды дамытуға қажетті құқықтық және институционалдық негіз қаланды. Ең бастысы, аталған ауқымды жұмысты қоғам қолдап отыр, себебі азаматтарымыз және бизнес игілігін көруде. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді, eGov Mobile қосымшасына халқымыздың үштен екісі, яғни, 13 миллион қолданушы тіркелген. Бір апта бұрын жарияланған БҰҰ зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан әлемдегі электрондық үкіметтің даму рейтингінде екі жыл ішінде 8 позицияға көтеріліп, 16-орынға табан тіреді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанда электронды қаржы қызметтері дамығанына тоқталды

— Елімізде технологиялық кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалған. Былтыр отандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Стартаптар мен технологиялық компанияларға қолдау көрсететін Astana Hub технопаркі табысты жұмыс істеп тұр. 2019 жылдан бері Astana Hub орталығына тіркелуші компаниялардың жиынтық кірісі 7 миллиард долларға жуықтады. Қазіргі кезде Astana Hub аясында 2700 стартап пен компания қызмет көрсетеді. Алғашқы «сыңармүйіз стартап» та пайда болды. Қазір оның соңынан басқа да компаниялар ілесіп келеді. Higgsfield деп аталатын стартаптың құны бір жылда 10 миллиард долларға шарықтады, компанияның капитализация деңгейі ұдайы өсіп келеді. Оның негізін қазақтың екі талантты жігіті қалаған. Мен «халықтық цифрлық экономика» құру міндетін қойдым. Интернет заңды кәсіппен айналысып, пайда тапқысы келетін адамдарға қызмет етуге тиіс. Басқаша айтқанда, интернет — «қоқыс жәшігі» емес, жасампаз шығармашылық пен өнімді еңбектің кеңістігі болуы керек. Азаматтарды цифрлық құралдар арқылы жұмыспен қамту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр, — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті келешек цифрлық экономикаға маман даярлау ісіне айрықша мән беріліп отырғанын жеткізді.

AI-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңнан аса студент жасанды интеллектіні қолданудың практикалық дағдыларын меңгеруде.

— Инфрақұрылым мен мамандардың сақадай-сай болуы технологиялық серпіліске кепіл емес екенін біз жақсы түсінеміз. Төл әзірлемелер болуы қажет. Ең бастысы, оны экономиканың кәдесіне жаратқан жөн. Дәл осы себепті жақында Астанада өткен Digital Bridge форумында AI Challenge бастамасын ұсындым. Оның мақсаты — кәсіпорындар мен бағдарлама әзірлеушілерді нақты өндірістік міндеттерді шешуге жұмылдыру. Ресеймен арадағы серіктестігімізде де осындай тәсілге қажеттілік туындайды деп сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.