Қазақстан - электрондық үкімет жөніндегі ғаламдық форумның негізгі қатысушылары қатарында

None
АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстандық делегация бүгін өз жұмысын бастаған электрондық үкімет жөніндегі ғаламдық форумға қатысуда. Биыл аталған форум электрондық басқарудың (ICEGOV) теориясы мен тәжірибесі жөніндегі 7- халықаралық конференциясымен бірге өткізілуде. Екі шара да Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен қазанның 21-і мен 25-і аралығында Сеулде өтуде.

Мемлекеттік құрылым, іскер топтар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері - әлемнің 40 елінен жиналған 1000-нан астам қатысушылар электрондық үкіметтің ролі мен маңызы, жаңашылдықтары туралы пікір алмасу, ой бөлісу үшін Оңтүстік Корея астанасында бас қосты. Басты тақырып - «Ақылды үкімет және қоғам: ашықтық, пікір алмасу, коммуникация және әріптестік», -делінген ҚР ККМ баспасөз қызметінің мәліметінде.

Аталған талқылауларға Қазақстанның атынан ҚР Көлік және коммуникация министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қатысады. Негізгі пленарлық отырыстарда сөз сөйлеумен қатар, қазақстандық тарап ұлттық ақпараттық саясат «Ақпаратты Қазақстан -2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша сессия өткізеді.

Сондай-ақ, іс-шаралар аясында Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы меморандумды талқылау жоспарланған. Меморандум е-үкіметті дамыту саласында тәжірибе алмасумен қатар, келесі форумды ұйымдастыруға дайындық жүргізуде өзара әріптестік орнату мәселесі қарастырылған.

2014 жылы электрондық үкімет жөніндегі ғаламдық форумның Астана қаласында өтетінін естеріңізге салып өткіміз келеді.