Қазақстан елордасының 150 тұрғыны жаңа қоныс иелері атанды

АСТАНА. Маусымның 29-ы. ҚазАқпарат - Қазақстан елордасының - Астананың 150 тұрғыны жаңа қоныс иелері атанды. Бүгін оларға Мемлекеттік тұрғын үй қорынан бөлінген пәтерлердің кілттерін Алматы ауданының әкімі Сапар Ахметов, Есіл ауданының әкімі Қайрат Жаңабергенов, Сарыарқа ауданының әкімі Сәбила Мұстафина тапсырды.

Тұрғын үйге ие болғандардың арасында «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес тұрғын жағдайын жақсарту құқығын пайдаланған және 1986-2000 жылдар аралығында тұрғын үй басқармасында тіркелген азаматтар бар. Бұл туралы Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз баянында хабарланды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Астанада халықтың әлеуметтік әлжуаз жіктерін қолжетімді жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары белсенді жүзеге асырылуда, соның арқасында 2008 жылдан бері кезекте тұрған барлық Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер үймен қамтамасыз етілді. Көп балалы отбасылар мен мүгедектер отбасылары, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет жүйесінің өкілдері, тұрмысы төмен азаматтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрғын үй жағдайларын жақсартты.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үдерісінде Қазақстан елордасында жоғары деңгейдегі білім, мәдениет және патриотизмге ие астаналық тұрғындар ортасын құру, ерекше әлеуметтік-мәдени орта қалыптастыру Астана қаласының әкімдігі қызметінің басымдықты бағыты болып табылады.

Азаматтарды мемлекеттік қордан жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша қала әкімдігі жыл аяғына дейін 1986 жылдан 2003 жылға дейін кезекте тұрғындардың бәріне үй беруді жоспарлауда. 2010 жылғы маусымның 23-індегі жағдай бойынша Астана қаласында үйге мұқтаж 17 612 азамат есепте тұр.