Қазақстан елшілігі Иорданияда Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған «дөңгелек үстел» отырысын өткізді

None
АСТАНА. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат - Тамыздың 29-ында, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай, Қазақстанның Иордания Хашимиттер Корольдігіндегі Елшілігі «Филадельфия» Иордания университетінде «дөңгелек үстел» отырысын өткізді, деп хабарлады Қазақстан Елшілігінің баспасөз қызметінен.

Оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамы, Иордания-Қазақстан Достық қоғамының мүшелері, жазушылар мен әдебиетшілер одағының өкілдері, қоғам қайраткерлері және иорданиялық БАҚ өкілдері қатысқан бұл шараның барысында жиналған қауымның назарына Семей ядролық полигонының тарихы, жаппай қырып-жоятын қару-жарақты таратпаудың халықаралық режимін нығайту жөніндегі Қазақстанның бастамалары, сондай-ақ БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы тамыздың 29-ын, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамашылығымен, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялауы туралы баяндама таныстырылды. Сондай-ақ Семей полигоны, онда жасалған сынақтардың салдарлары және Қазақстан Республикасының ядролық қарусыздану саласында атқарып жатқан қызметі туралы деректі фильмдер мен слайдтар көрсетілді.

Бұл шара жиналған қауымның үлкен ықыласын туғызып, осы мәселеге арналған қызу талқылаулар туғызды, деп хабарлады елшіліктің баспасөз қызметінен.