11:22, 17 Сәуір 2009
Қазақстан елшісі А.Мусинов ОАР Президенті К.П.Мотлантеге сенім грамотасын тапсырды
АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат. Сәуірдің 14-де Претория қаласында ҚР елшісі А.Мусинов Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) Президенті Кгалема Петрус Мотлантеге осы елде Төтенше және Өкілетті Елші қызметін қоса атқарушы болып тағайындалғаны жөнінде сенім грамотасын тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Сенім грамотасын тапсыру рәсімінен кейін Елші мен ОАР Президенті арасында сұхбат болып, К.Мотланте өз елінің Қазақстанмен достық қарым-қатынастарды нығайтуға көп мән беретінін атап өтті. ОАР-дың басшылығы Қазақстанмен екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендігін жеткізді. Өз кезегінде Елші ОАР Президентіне Елбасы Н.Назарбаевтың ыстық лебіздерін жеткізіп, Африка Ұлттық Конгресінің (АҰК) Президенті Джейкоб Зуманың 2008 жылы желтоқсан айында Қазақстанға жасаған жұмыс сапары екіжақты қарым-қатынастағы маңызды оқиға болды, деді. Кездесу кезінде осы жылы болатын Қазақстан мен ОАР делегацияларының сапарына дайындық пен екі ел арасында шарттық-құқықтық негізді кеңейтуді қамтитын екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Оның ішінде, екі мемлекет те мүдделі болып отырған келісімшарттарға қол қою, Қазақстан - оңтүстікафрика үкіметаралық комиссиясын құру және виза тәртібін жеңілдету туралы құжаттар бар.
Елші осы сапар барысында ОАР-дың бірқатар министрліктері мен ведомстволарының өкілдерімен және іскер топтармен кездесулер өткізді.