Қазақстан Елшісі Ә.Жақсыбеков Сергей Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университетінде болды

АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Елшісі Әділбек Жақсыбеков «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының тапсырысы бойынша қазақстандық 19 студент білім алып жатқан Сергей Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университетінде болды.

ҚазАқпаратқа бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады. Университеттің жетекші оқытушыларының, «Қазақфильм» президенті Ермек Аманшаевтың және қазақстандық студенттердің қатысуымен университет ректоры Владимир Малышевпен болған кездесу барысында кино жасау саласындағы екіжақты ынтымақтастық, аудиовизуальді саладағы ғылыми зерттеулер, жастардың шығармашылық байланыстары туралы мәселелер талқыланды. ВГИК ректоры Қазақстан басшылығының білім мәселелеріне, аудиовизуальді сала мамандарын дайындауға деген ықыласын жоғары бағалады. Қазақстан Елшісі өз кезегінде, екі елдің арасында қалыптасқан достық және іскерлік қарым-қатынастың соңғы жылдары қарқынды дамып отырғанын атап көрсетті. Ә.Жақсыбеков Қазақстан үшін шығармашыл кадрлар дайындап отырған университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына алғысын білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша Сергей Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университеті мен «Қазақфильм» АҚ арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.