Қазақстан Елшісі Эдинбургте Шотландия басшылығымен кездесулер өткізді

АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ұлыбритания Біріккен Корольдігі мен Солтүстік Ирландиядағы Елшісі Қайрат Әбусейітов өткен жұма күні Шотландия елордасы – Эдинбург қаласына жұмыс сапарын жасады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қазақстандық дипломаттың шотланд парламентінің спикері Алекс Фергюссонмен, үкімет басшысы Алекс Сальмондпен және қала мэрі Джордж Грабпен өткізген кездесулерінде екіжақты ынтымақтастықтың түрлі сипаттары, атап айтқанда мұнай-газ секторында жұмыс істейтін шотландиялық компаниялардың қызметтерін әртараптандыру, инвестициялық мүмкіндіктер мен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің заманауи технологияларды экономиканың шикізаттық емес салаларында пайдалану мәселелері талқыланды. Сондай-ақ білім, медицина, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды.