Қазақстан елшісі мен Ташкент басшысы ЭКСПО-2017 аясында бірлескен туризм ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылады

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасында Өзбекстан Республикасындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Е. Өтембаев Ташкент қаласының хакімі Р. Усмановпен кездесті.

Әңгімелесу барысында тараптар екі мемлекет астаналары арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту және нығайту мәселелерін талқылады.

Кездесуде сондай-ақ туристік саладағы өзара іс-қимылға да баса назар аударылды. Әсіресе Астанада өтетін «EXPO-2017» көрмесін өткізу мәселесі сөз болды. Атап айтқанда, қазақстандық дипломат көрмеге ұсынуға болатын бүгінде Ташкенттің жеміс-көкөніс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, «су» саясаты, азық-түлік индустриясы, ұлттық қолданбалы өнер және т.б. саласында орасан мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.

Бұдан басқа, Ташкент қаласының «Мәдени күндері» көрмесінің аясында Астанада этноауыл ұйымдастыру түрінде ұлттық дәстүрлерді, өнер туындыларын, шағын өндірістерді көрсетуге болады. Туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тиімді дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар бар. Қазақстан мен Өзбекстан бар әлеуетін толықтай пайдаланып, ЭКСПО-2017 аясында бірлескен турлар ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарауы тиіс.

Маңызды бағыт Астана арқылы транзиттік турзимді дамыту болып табылатыны баса айтылды. Көрмеге келгеннен кейін туристер Ташкентті және Өзбекстанның басқа да тарихи қалаларын тамашалауға мүмкіндіктер туады.